Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Президент Жолдауында берілген тапсырмалар аясында экономиканың нақты секторын дамыту мәселелері бойынша өткен баспасөз конференциясында қазіргі уақытта Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесі 254 энергия көзінен тұратыны сөз болды. Оның 172-сі жаңартылатын энергия көздеріне жатады.
2026 жылдың он айында электр энергиясын өндіру көлемі 102 млрд кВт·сағаттан, ал тұтыну көлемі 103 млрд кВт·сағаттан асты. Ең жоғары жүктеме сағаттарында 800 МВт-тан 2 ГВт-қа дейін маневрлік генерация қуатының тапшылығы байқалады. Бұл тапшылық көршілес елдердің энергетикалық жүйелерімен қатар жұмыс істеу есебінен жабылуда.
2026 жылы 1,27 ГВт, ал 2027 жылы 2,5 ГВт жаңа генерация қуатын іске қосу жоспарланған. 2029 жылды қоса алғанда 13,3 ГВт энергетикалық қуат іске қосылады. Оның ішінде 7,4 ГВт – базалық генерация, ал 5,9 ГВт – жаңартылатын энергия көздерінің қуаты.
Сонымен қатар, Президент тапсырмасы бойынша халықаралық институттардың қолдауымен Қазақстанның 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімі өзектендіріледі. Бұл жұмыс шеңберінде өнеркәсіп пен цифрландыру салаларында жүзеге асырылып жатқан жобаларды, қолданыстағы электр стансаларын "таза көмір" технологиялары негізінде жаңғырту шараларын ескере отырып, экономиканың одан әрі өсуіне болжам жасалды. Қазақстанның бүкіл энергетикалық жүйесінің орнықтылығын арттыру үшін жаңартылатын энергетиканы, атап айтқанда күн энергетикасын, энергия жинақтау жүйелерін дамытуға ерекше назар аударылады.