Сауда миссиясы Ұлан-Батырда өтеді. Оған Сауда және интеграция министрлігі мен QazTrade қатысады. Онда азық-түлік, фармацевтика, өнеркәсіп сияқты әртүрлі сала қарастырылады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомство Моңғолия нарығы үлкен емес екенін, бірақ дәл осындай нарықтар қазір маңызды бола бастағанын айтады.
"Ең бастысы логистика түсінікті әрі жақын. Сондай-ақ, Қазақстан Моңғолияға негізгі керек азық-түлік, құрылыс материалдары, отын және жабдықтар ұсына алады. QazTrade-тің соңғы статистикасына сүйенсек, 2025 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 133 млн доллардан асқан. Оның ішінде Қазақстанның экспорты 123 млн доллар. Болжауымыз бойынша, алдағы жылдары бұл көрсеткіш өседі. Жалпы көлемі 500 млн долларға дейін жетуі мүмкін", – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.
Моңғолияға шығарылған экспорттың шамамен 90%-ы – дайын өнім. Яғни, Қазақстан шикізат емес, дайын тауар жеткізеді.
Моңғолия елімізден күнделікті қажет өнімдерді алады: ұн, астық, май, тәттілер, сусындар. Сонымен қатар, құрылыс материалдары, металл және отын да жеткізіледі. Тау-кен саласына арналған жабдық, химия және қаптамаға да сұраныс бар.
Моңғолия нарығындағы сұранысты ескере отырып, миссияға экспортқа дайын қазақстандық компаниялар дайындалды. Олар нақты өніммен және дайын ұсыныспен шығады. QazTrade бұған дейін нарықты зерттеп, негізгі бағыттарды анықтаған болатын. Сондықтан делегация құрамы да соған сай қалыптастырылған. Атап айтқанда азық-түлік, сусын өндірушілер, құрылыс материалдарын шығаратын компаниялар, сондай-ақ медициналық жабдық өндірушілер бар. Бұл бизнес кездесу танысу миссиясы емес. Сапардың негізгі мақсаты нақты келісімдерге шығу.
Қазақстанның негізгі артықшылықтарының бірі – астық өндірісі. Соңғы жылы елде 27,1 млн тонна рекордтық өнім жиналғанын білеміз. Ал Моңғолияда мал шаруашылығы жақсы дамыған. Осы екі бағытта бірін-бірімізді толықтырып, бірлесіп жұмыс жасау деген жоспарымыз бар.
"Яғни, әңгіме тек Қазақстан экспорттайды деген сөз емес. Екі ел бірге өңдеп, кейін өнімді үшінші нарықтарға да шығара алады. Сондықтан бұл миссия уақытша сапар емес, ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың бастамасы", – деді QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.