Қазақстан Абу-Дабиде өткен 35-ші халықаралық кітап көрмесіне қатысты. Биылғы шараға 95 елден 1200-ге жуық қатысушы жиналды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстандық стендте отандық қаламгерлердің шығармалары, қазіргі қазақ әдебиеті, балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптар, ұлттық мәдени мұраға арналған басылымдар және қазақстандық баспалардың жобалары таныстырылды.
Көрме барысында Қазақстан өкілдері шетелдік баспалармен, әдеби агенттіктермен және мәдени ұйымдармен кездесулер өткізді. Тараптар қазақ әдебиетін шет тілдеріне аудару, авторлық және баспа құқықтарын халықаралық нарықта ілгерілету, сондай-ақ бірлескен әдеби-мәдени жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Биылғы Абу-Даби халықаралық кітап көрмесі "Парақта да, әлемді оқы" ұранымен өтті.
Қазақстанның көрмедегі бағдарламасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігі және Nomad мәдениет қорымен бірлесіп ұйымдастырылды.