Қазақстан әуежайларында киберқылмысқа қарсы науқан өтті

351

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Қазақстан әуежайларында киберқылмысқа қарсы науқан өтті Фото: inbusiness.kz

Еліміздегі бірқатар әуежайда киберқылмыстың алдын алуға бағытталған ақпараттық науқан ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Іс-шара "Заң және тәртіп" қағидаты аясында Көліктегі полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастамасымен өтті.

Атап айтқанда, Астана, Алматы, Өскемен, Қарағанды, Қызылорда, Петропавл, Орал, Шымкент, Тараз және Ақтау қалаларындағы әуежайларда арнайы анимациялық бейнероликтер көрсетілді. Олар күту залдары мен кіреберіс аймақтардағы LED-экрандар арқылы жолаушылар назарына ұсынылды.

Шараның басты мақсаты – азаматтардың киберқылмыс түрлері мен олардан қорғану жолдары туралы хабардарлығын арттыру. Сонымен қатар интернет кеңістігінде қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру көзделген.

Мамандардың айтуынша, технологиялардың қарқынды дамуы аясында интернет-алаяқтық деректері көбейіп келеді. Осыған байланысты халықты киберқауіптер туралы ақпараттандыру өзекті мәселе болып отыр.

Бейнероликтерде фишингтік сілтемелер, банк қызметкерлері атынан жасалатын жалған қоңыраулар, сондай-ақ мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі алаяқтық схемалар түсіндірілген.

Сондай-ақ, азаматтарға жеке деректерді қорғау, онлайн-қызметтерді қауіпсіз пайдалану және күмәнді ақпаратты тексеру бойынша кеңестер берілді. Полицейлер интернет арқылы қаржылық операциялар жасағанда сақ болуға және құпия мәліметтерді бөгде адамдарға бермеуге шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу