Шымкент қаласында өткен бизнес-форумда жалпы құны 303 миллион доллар болатын 15 құжатқа қол қойылды. Форумға екі елдің бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдары қатысты. Іс-шара Қазақстан Үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Форумға қатысқан Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Ауғанстанмен ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, Ауғанстанның Сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизи мен Қазақстан Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Еркін Тукумов құттықтау сөз сөйледі.
Сондай-ақ форумда Сауда және интеграция министрлігіне қарасты "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы мен "Shymkent Invest – Front Office" ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
"Ешқандай кедергілерге қарамастан, біз екіжақты сауданың дами беретініне сенеміз. Мақсатымыз қазіргі сауда көлемін сақтап қана қоймай, экспортталатын тауар түрлерін көбейту", – деді QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.
Соңғы деректерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы $545,2 млн құрады. Болат прокаты, жүк көліктері және қант сияқты тауарлар бойынша өсім байқалды.
Форум нәтижесінде QazTrade пен Gazanfar корпорациясы Мазари-Шариф қаласында серіктестік кеңсе ашу жөнінде уағдаласты. Бұл кеңсе екі ел арасындағы сауданы дамытуда үлкен рөл ойнайды.