Қазақстан аумағында 700-ден астам бұлақ бары анықталды

264

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті.

Қазақстан аумағында 700-ден астам бұлақ бары анықталды   Фото: multiurok.ru

"Қазгидрогеология" ұлттық гидрогеологиялық қызметі Қазақстан Республикасы аумағындағы барлық бұлақты түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдын ала деректерге сәйкес, бүгінгі таңда 711 әлеуетті бұлақ анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сонымен қатар қор және архив материалдары негізінде ел аумағындағы 2 772 бұлақты қамтитын карта жасалған. Айта кетейік, бұлақтар су ресурстары тапшылығы жағдайында қосымша су көзі ретінде қарастырылады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ауызсу және техникалық сумен жабдықтау, суару және өзге де мақсаттарға арналған жерасты суының 4 803 кен орны барланған. Мемлекеттік баланс бойынша тәулігіне 43,2 млн текше метр көлеміндегі пайдалану қоры тіркелген. Оның ішінде қазіргі таңда шамамен 1,5 млн текше метр немесе 3,6% ғана пайдаланылып отыр. Атап айтқанда, шаруашылық-ауызсуға арналған қор тәулігіне 21,2 млн текше метр. Өндірістік-техникалық қажеттіліктерге арналған қор тәулігіне 2,4 млн текше метр, ал суару мақсатында тәулігіне 19,6 млн текше метр қарастырылған.

– Қазақстанда жерасты суына арналған мемлекеттік мониторинг желісі жұмыс істейді, оған шамамен 4 мыңға жуық бақылау ұңғымасы кіреді. Олар су деңгейін, температурасын және сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Гидрогеология саласын цифрландыру мақсатында мониторингтік және пайдалану ұңғымаларын Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді "Қазгидрогеология" ұлттық гидрогеологиялық қызметінің басқарма төрағасы Болат Бекнияз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу