Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемнің үздік 20 елінің қатарына енді

129

ИКАО аудиті аясында Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік көрсеткіші 95,7%-ды құрады.

Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемнің үздік 20 елінің қатарына енді Фото: Көлік министрлігі

Қазақстанға алғашқы ресми сапары аясында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар ИКАО  EUR/NAT бюросының өңірлік директоры Николас Ралло мен ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаевпен бірге Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне (ҚАӘ) барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бас хатшы ұйымның қызметімен танысып, ҚАӘ ұжымымен кездесті.

Қонақтарға Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру бойынша ұйым қызметінің негізгі бағыттары таныстырылды. Авиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестіктің жоғары деңгейі – 95,7% екені атап өтілді. Осы көрсеткіштің арқасында Қазақстан әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енді.

"Біз аудит бағдарламалары аясында жұмыс жүргіземіз және, әрине, өз әлеуетін нығайту үшін қолдау сұраған мемлекеттерге көмек көрсетеміз. Алайда осы бастамаларды іс жүзінде жүзеге асырып, сөзін нақты іспен дәлелдеп жүрген адамдармен тікелей жүздесу мүмкіндігі күн сайын бола бермейді. Сондықтан кәсіби маман ретінде атқарып жатқан еңбектеріңіз үшін баршаңызға зор алғысымды білдіремін", – деді Хуан Карлос Саласар өз сөзінде.

Сондай-ақ 2026 жылғы 20-22 қазанда Астанада өткен ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығын ұйымдастыруға Қазақстанның авиациялық әкімшілігі қосқан үлес ерекше атап өтілді. Атап айтқанда, симпозиум, тақырыптық панельдік сессиялар, мемлекеттер, халықаралық ұйымдар және авиация саласы өкілдерінің қатысуымен екіжақты кездесулер өткізуге қосқан үлесіне назар аударылды.

Кездесу барысында мемлекеттік қадағалау жүйесін одан әрі жетілдіру, Қазақстанның азаматтық авиациясын дамыту, сондай-ақ 2050 жылға дейінгі Қазақстанның азаматтық авиациясын дамытудың мастер-жоспарын әзірлеу және алдағы аудиттерге дайындық мәселелері талқыланды.

"Тиімділік тек нақты фактілермен расталуы тиіс. Ал талаптарды іс жүзінде енгізу туралы айтатын болсақ, олардың орындалуы әрбір сертификат пен лицензия иесі бойынша құжат жүзінде расталуы қажет. Бұл аса маңызды. Бағалауды 0%-дан бастаңыздар. Өздеріңізге барынша талапшыл аудитор болыңыздар. Сонда ИКАО тобы келген кезде сіздер үшін күтпеген жағдайлар болмайды және ең қатаң тексеру сценарийіне де дайын боласыздар", – деп атап өтті Николас Ралло.

Өз кезегінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел ҚАӘ ұжымының беделді халықаралық ұйымдардың бағалау рәсімдерінен өту барысында жинақтаған тәжірибесіне тоқталып, алдағы мақсаттарға қол жеткізетініне сенім білдірді.

"Мен бүкіл ұжымымызға шын жүректен алғыс айтамын. Әріптестеріміз орасан зор күш-жігер жұмсап, қомақты ресурстарды жұмылдырды. Соның арқасында біз осындай жоғары қарқынмен алға жылжып келеміз. FAA IASA бағдарламасы бойынша жұмысты аяқтағаннан кейін USOAP аудитіне дайындыққа қайта кірісіп, бұл кезеңнен де осыған ұқсас тәсілмен өтеміз. USOAP аясында жоғары нәтижелер көрсететінімізге сенімдімін, өйткені бүкіл командамыздың жұмыс істеу тәсілі мен кәсіби көзқарасы осындай халықаралық стандарттарға толық бейімделген", – деді М. Дэниел.

ИКАО Бас хатшысының сапары Қазақстанның халықаралық авиациялық қоғамдастықпен өзара іс-қимылының жоғары деңгейін және елдің азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік қадағалау жүйесін жетілдіру бағытындағы күш-жігерінің халықаралық деңгейде мойындалғанын айғақтады.

Кездесу сондай-ақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің кәсіби әлеуетінің маңыздылығын және ұшу қауіпсіздігін, авиациялық қауіпсіздікті арттыру мен саланың орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында ИКАО-мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың өзектілігін көрсетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу