Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяға жұмысқа орналасу үшін арнайы тесттен өтеді

530

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.  

Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяға  жұмысқа орналасу үшін арнайы тесттен өтеді Фото: el.kz/ЖИ

Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяға EPS жүйесі арқылы 18-39 жас аралығында жұмысқа орналаса алады. Іріктеу Алматыдағы EPS орталығы ашылғаннан кейін басталып, EPS-TOPIK корей тілі тесті, кәсіби білімі мен дағдыларын бағалау арқылы жүргізіледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Кандидаттың білімі, еңбек өтілі және кәсіби сертификаттары ескеріледі. Кореяға аттанар алдында міндетті дайындықтан өтеді.

Кімдер қатыса алады?

Министрліктің мәліметінше, бағдарламаға 18 бен 39 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады.

Сонымен қатар үміткердің:

  • Соттылығы болмауы;
  • Оңтүстік Кореяға кіруге тыйым салынбауы;
  • Елден бұрын депортацияланбауы;
  • Қазақстаннан шығуға шектеуі болмауы қажет.

Іріктеудің барлық қажетті кезеңінен сәтті өткен азаматтар ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енгізіледі. Ол үшін жарамды паспорты болуы және медициналық тексеруден өтуі керек.

Жұмысқа кім қабылдайды?

Кандидаттың профилінде оның білімі, еңбек тәжірибесі, кәсіби сертификаттары, тест нәтижелері және жұмысқа қатысты қалауы көрсетіледі. Осы мәліметтер негізінде Оңтүстік Кореядағы жұмыс берушілер өздеріне қажетті қызметкерлерді таңдай алады. Алайда EPS-TOPIK емтиханынан өту және ресми үміткерлер тізіміне ену автоматты түрде жұмысқа қабылдануды білдірмейді.

Соңғы шешімді кореялық жұмыс беруші қабылдайды. Қазақстан азаматтарын EPS жүйесі арқылы жұмысқа орналастыру Оңтүстік Корея белгілейтін квотаға сәйкес жүзеге асырылады.

Жұмысқа орналасу қалай жүреді?

Жұмыс беруші кандидатты таңдағаннан кейін оған еңбек шартын жібереді. Құжатқа қол қоймас бұрын жұмыс беруші еңбек жағдайларын, соның ішінде қызметтік міндеттері мен жұмыс режимін толық түсіндіруге тиіс. Шартқа қол қойылғаннан кейін қызметкерге оның түпнұсқасы беріледі.

Одан кейін Алматыдағы EPS орталығында шетелге шығар алдындағы міндетті дайындықтан өту қажет. Осы кезеңнен соң жұмыс визасы рәсімделіп, азамат Оңтүстік Кореядағы жұмыс орнына аттанады.

Кореяда қанша уақыт жұмыс істеуге болады?

EPS жүйесі бойынша Оңтүстік Кореяда жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін болуы мүмкін. Заңнамада көзделген жағдайларда еңбек шарты тағы 1 жыл 10 айға дейін ұзартылуы мүмкін.

Ал белгіленген жұмыс мерзімін аяқтап, Қазақстанға өз еркімен қайтқан азаматтарға кейін Оңтүстік Кореяға қайта бару кезінде қолайлы жағдайлар қарастырылған.

Министрлік делдалдардан сақ болуға шақырды

Еңбек министрлігі қазақстандықтарға жеке делдалдардың қызметіне жүгінбеуге кеңес берді. Ведомство азаматтарды тек мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың ресми ақпаратын пайдалануға шақырады.

Сондай-ақ "жұмысқа кепілдік береміз", "іріктеуден жедел өткіземіз" немесе белгіленген тәртіптен тыс кандидаттар тізіміне енгіземіз деген адамдарға құжат пен ақша бермеу қажет.

Министрліктің мәліметінше, ешбір делдал жұмысқа орналасуға кепілдік бере алмайды, өйткені соңғы шешімді Оңтүстік Кореядағы жұмыс беруші қабылдайды. Қазақстан азаматтарын тіркеудің нақты басталу мерзімі, құжат тапсыру тәртібі, EPS-TOPIK емтиханы және іріктеудің басқа да кезеңдері туралы ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кейінірек өзінің ресми ресурстарында жариялайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу