Қазақстан Азия Даму банкінен 908 млн 596 мың еуро қарыз алады

599

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев "Қазақстан Республикасы мен Азия Даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын мәжіліс депутаттарының назарына ұсынды. 

Қазақстан Азия Даму банкінен 908 млн 596 мың еуро қарыз алады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, 2020 жылғы 13 тамызда Қазақстан Республикасы мен Азия Даму банкі 908 млн 596 мың еуроны құрайтын қарыз туралы келісімге қол қойғанын мәлімдеген министр: 

"Қарыз 2021 жылға арналған бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады", – деді. 

Ерұлан Жамаубаев қарызды өтеу мерзімін де тілге тиек етті.

"Қарыз екі кезеңмен қайтарылады. Қарыздың 454 млн 298 мың еуро көлеміндегі бір бөлігі, яғни жартысы 3 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда, 10 жылдан соң қайтарылады. Қалған 454 млн 298 мың еуро көлеміндегі қарыз 3 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда, 5 жылдан соң берілуге тиіс. Сыйақы мөлшерлемесі ‒ Еурибор +0,50%", – деді қаржы министрі.

Оның сөзінше, келісімде белгiленген қаржылық шарттарға сәйкес, қарызға қызмет көрсету мен оны өтеу республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. 

"Бұл қаражатты тарту бюджеттің бекітілген тапшылығы жағдайында аса қажет. 
Келісімнің жақын арада күшіне енуі маңызды. Себебі қарыз қаражаты Азия Даму банкінің пандемияға қарсы күрес жөніндегі арнайы бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасы үшін 2020 жылға резервтелген", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу