Қазақстан Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкімен ынтымақтастықты нығайтады

297

АИИБ – әлемдегі беделді халықаралық қаржы институты.​

Қазақстан Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкімен ынтымақтастықты нығайтады Фото: quryltai.kz

Құрылтайдың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Құжатты Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Заң жобасы Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкімен әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялауды қарастырады.

"Қазақстан АИИБ негізін қалаушы елдерінің бірі және онымен 2016 жылы құрылғаннан бері өзара іс-қимыл жасап келеді. Осы жылдың ақпан айында АИИБ Президенті Цзоу ханым Қазақстанға ресми сапарының барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев АИИБ-пен ынтымақтастықтың ерекше маңыздылығын атап өтті. АИИБ Президенті биылғы жылдың қаңтар айында қызметке кірісті және ең алғашқы сапарын Қазақстанға жасады, бұл біздің еліміздің Орталық Азия аймағындағы тығыз серіктестігі мен көшбасшылығын көрсетеді. Сапар барысында негіздемелік Келісімге қол қойылды. Ол АИИБ-пен стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің басталуына, сондай-ақ елдегі жобаларды тиімді және жедел жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажетігіне орай жасалған", – деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, келісімде мемлекеттік кепілдікпен қарыздар мен гранттық жобаларды іске асыру кезінде Банктің Саясаттары мен Ережелерін қолдануға байланысты ұлттық заңнамадан өзгеше нормалар белгіленген. Атап айтқанда, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, экологиялық, әлеуметтік, еңбек стандарттарын және АИИБ-тің ақпаратты көрсету нормаларын қолдану көзделеді.

Жалпы ратификациялау – Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті стандартты рәсім, бұл инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетеді.

"АИИБ – әлемдегі беделді халықаралық қаржы институттарының бірі. Біз аталған Банкпен 10 жылдан астам уақыт бойы ынтымақтастық жасап келе жатырмыз. Осы кезең аралығында энергетика, экономикалық және фискалдық тұрақтылық салаларында 1,8 млрд доллар сомасына 7 жоба іске асырылды.  Ратификациядан кейінгі алғашқы 5 жылда Негіздемелік келісім көлік, энергетика, денсаулық сақтау және жасыл қаржыландыру сияқты салаларға ел экономикасына шамамен 6 млрд доллар көлемінде жеңілдік шарттармен қосымша "ұзақ мерзімді ақша" тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Келісім жобаларды қаржыландыру құралдарын кеңейтуге, мемлекеттің шығыстарын басым жобаларға қайта бөлу есебінен бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ жобаларды іске асыру кезінде рәсімдерді оңтайландыруға мүмкіндік береді", – деп атап өтті вице-премьер.

Келісім күшіне енгеннен кейін елімізде бірқатар инфрақұрылымдық жобалар, атап айтқанда  "Жезқазған-Қарағанды", "Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын", "Атырау-Доссор" және "Мойынты-Қызылжар" автомобиль және темір жолдарын қайта жаңарту бойынша жұмыс басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу