Қазақстан бала ауруын ерте анықтау жүйесі мен даму педиатриясын енгізеді

96

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова мәлімдеді.  

Қазақстан бала ауруын ерте анықтау жүйесі мен даму педиатриясын енгізеді Фото: gmsclinic.ru

Қазақстанда педиатриялық қызметті нығайтуға және балаларға көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған заңнамалық шаралар жүзеге асырылып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мағрипа Ембергенованың айтуынша, соңғы екі жылда 36 балаға "Гамма-пышақ" қондырғысында радиохирургиялық операция жасалған. Жыл сайын шамамен 400 балаға есту импланттарын орнату операциясы жүргізіледі, 700 шала туған балаға ретинопатияны түзету жасалады, ал 2 мыңнан астам бала кардиохирургиялық ем алады.

"Бүгінде біз ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп отырмыз. Технологияларды енгізудің арқасында соңғы үш жылда осы бағыттар бойынша шетелге жолдаулар 3 және 5 есеге қысқарды. Қайырымдылық қорларымен тығыз өзара іс-қимылдың нәтижесінде биыл нейрохирургия орталығында ми ісіктері мен тамырлық патологиялар кезінде қолданылатын протондық технологиялар мен гибридті операциялық бөлмені енгізу және пайдалану мүмкіндігі қолжетімді болады. "Қазақстан халқына" қорының қолдауының арқасында тиісті жабдықтар жеткізілді, бұл операциялардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа онкологиялық орталықты ашу және пайдалану арқылы балаларға протондық терапия мен йод-терапия қолжетімді болады, сондай-ақ Ұлттық педиатрия орталығында тамырлық мальформациялар бойынша операциялар жүргізіледі. Бұл операциялар "Аяла" қайырымдылық қорының техникалық қолдауының арқасында мүмкін болмақ", – деп мәлімдеді Мағрипа Ембергенова. 

Амбулаториялық деңгейде медициналық көмекті жетілдіру және ауруларды ерте анықтау мақсатында алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) нысандарының 80%-ында педиатриялық бөлімшелер құрылып, 336 ерте араласуды дамыту орталығы ұйымдастырылды.

Министрлік балалардағы даму ерекшеліктерін анықтау және оларды уақытылы түзету үшін дамуды мониторингтеу жөніндегі халықаралық нұсқаулықты енгізу жұмысын бастады. 16 халықаралық жаттықтырушы даярланып, олар АМСК деңгейіндегі медицина қызметкерлерін одан әрі оқытатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу