Бұл – еліміз алғаш рет балмұздақты импорттан да көп экспортады деген сөз, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Қазақстанның балмұздақ нарығы 2025 жылдың қорытындысында рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы және салалық сарапшылардың деректерінше, балмұздақ өндірісінің көлемі 63,2 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға артқан. Бұл – 2000 жылдардың басынан бергі алғашқы жоғарғы көрсеткіш.
– Ерекше атап өтерлігі, Қазақстан тарихта алғаш рет балмұздақтың нетто-экспорттаушысы мәртебесіне ие болды. Жыл қорытындысы бойынша экспорт көлемі 36,8%-ға артып, 14,2 мың тоннаны құрады және импорт көрсеткішінен асып түсті. Қазақстандық балмұздақтар негізінен Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріне экспортталады.
Сонымен қатар, импорт көлемі төмендеуде. Мәселен, 2025 жылы балмұздақ импорты 5,1%-ға қысқарып, 12,2 мың тоннаға дейін азайды. Бұл отандық өндірушілердің сыртқы нарықта бәсекеге қабілеттілігі артып, ішкі нарықта позициясының нығайып келе жатқанын көрсетеді, – делінген ресми ақпаратта.
Қарқынды өсім осы жылы да сақталып келеді. Қаңтар-наурыз айларының қорытындысында балмұздақ өндірісі бірден 58,6%-ға өсіп, 14 566 тоннаға жеткен.
– Аталған саланың негізгі қозғаушысы "Шин-Лайн" компаниясы деуге болады, ол Қазақстандағы балмұздақ экспортының 95%-ына дейін қамтиды. Бүгінде Шин-Лайн – ТМД елдері арасындағы балмұздақ өндірушілер арасында 4-орында. Өткен жылдың қорытындысы бойынша компанияның экспортты 14,2 мың тоннаға жетті, ал экспорттық түсім 49 млн доллардан артық.
Негізінен Қытай, Ресей, Беларусь, Моңғолия, Кавказ елдері және Орталық Азия мемлекеттерін қоса алғанда, оннан астам елді қамтиды, – деп жазды ведомствоның сайты.
Жалпы, өсімнің маңызды факторының бірі – өндірістік инфрақұрылымға салынған ауқымды инвестициялар. Яғни, Байсеркедегі 50 гектар аумақта орналасқан заманауи зауыт – өңірдегі ең ірі әрі технологиялық жағынан дамыған кәсіпорындардың бірі. Жалпы инвестиция көлемі – 64 млрд теңге, онда 3500-ден аса адам қызмет етеді.
Экспорттың артуына жеткізілетін өнім құнының өсуі де ықпал еткен. Былтыр қазақстандық балмұздақтың орташа экспорттық бағасы 1 келі үшін 3,47 долларға жетіп, отандық өнімнің қосылған құны мен сапасының артқанын көрсетіп отыр.