Оның сөзінше, осы жылы еліміз дайын тамақ өнімдерін экспортқа шығаруда тым белсенді болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қабылданған жүйелі шаралар қазірдің өзінде оң экономикалық нәтиже беруде. Мысалы, дайын тағам өнімдерінің экспорты бойынша орта есеппен 3 есеге өсті. Оның ішінде ұннан жасалған кондитерлік өнімдерінің экспорты 2 есеге, макарон 1,2 есеге, маргарин 3,5 есеге, балмұздақ экспорты 5,7 есеге артты, – деді министр.
Сонымен қатар, ол астықты терең өңдеу өнімдері, яғни биоэтанол, глютен және крахмал экспорты да айтарлықтай көбейгенін сүйіншіледі.
– Бұл қосылған құны жоғары өнімдердің зор әлеуетін айқын көрсетеді. Жалпы, 2020 жылдан бері қайта өңделген өнім экспорты 3,2 есеге өсті. Биыл бұл көрсеткішті 3,9 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарлануда, – деді Айдарбек Сапаров.
Бұған дейін еліміз әлемдік күнбағыс май экспортында 8-орынға шыққанын жазған едік.