Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындары төрешілерінің шешіміне наразылық білдірді

946

Федерация басшысы Кеңес Рақышев боксшы Асланбек Шымбергенов пен жапониялық Севон Окадзава жекпе-жегінде төрешілердің шешімі әділетсіз болғанын айтты.

Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындары төрешілерінің шешіміне наразылық білдірді Фото: sports.kz

Қазақстан бокс федерациясы Халықаралық олимпиада комитетіне тиісті үндеуін жолдады, деп жазады inbusiness.kz. 

"Төрешілердің Азия ойындары тарихындағы ең әділетсіз шешімі! Құрметті жанкүйерлер, әлем чемпионы, Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергеновтың жартылай финалдық кездесуінде төрешілердің аса әділетсіз шешіміне қатысты өрескел оқиға орын алды. Шымбергенов бүкіл жекпе-жек бойы жапониялық Севон Оказаваны соққының астына алды. Жұдырықтары қарсыласқа дәл тиіп жатты. Барлық жағынан мықтырақ әрі басымырақ болды. Бірақ олар Шымбергеновтың қарсыласының қолын көтерді...

Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-дағы төрешілікке қатысты әрдайым шағым білдіріп келген еді, бірақ Ханчжоудағы Азия ойындарының жартылай финалында болған оқиға тым шектен шығып кетті", - делінген бокс федерациясының Инстаграмдағы ресми парақшасында.  

Осыған байланысты Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындары бойынша ХОК төрешісіне өз талаптарын ресми түрде білдіреді, делінген хабарламада.

"Бұл ретте турнирдің ең мықты боксшылары біздің былғары қолғап шеберлерімен бірдей жеребеге түсуі, жалпы жеребенің өткізілу реті, төрешілердің жұмысына сұрақтар туындатты. Ал жергілікті боксшыларға "қызыл кілем" төселді... ХОК қамқорлығындағы турнирлерде төрешілер шешіміне наразылықтар мен шағымдарды беруге болмайды. Қазақстан - бокс державасы, бокстың көшбасшысы ретінде рингтегі мұндай әділетсіздік фактілерімен келісе алмайды. Мен өз тарапымнан Асланбек Шымбергеновке жеке қолдау білдіремін! Мұндай фактілер капитанымызды сындырмайды, еңсесін түсірмейді деп сенемін және ол бокстан ең маңызды халықаралық турнирлерде Қазақстан Туын биікте желбіретеді деп ойлаймын! Құрметпен, ҚБФ президенті Кеңес Рақышев!", - деп хабарлады Қазақстан бокс федерациясы.

Айта кету керек, осыған дейін бокстан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов Азия ойындарында қола жүлдеге ие болғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу