Қазақстан цифрлық көшпенділер үшін тартымды елге айналып келеді

471

Сапалы интернет, қауіпсіз орта, қолжетімді өмір сүру деңгейі және табиғи аймақтардың көптігі Қазақстанның қашықтан жұмыс істейтін шетелдік мамандар үшін қызықты бағыт болуына ықпал етіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан цифрлық көшпенділер үшін тартымды елге айналып келеді Фото: digitalbusiness.kz

Бұл туралы Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашев айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда тұру, көлік және күнделікті қажеттіліктерге кететін шығындар бірқатар мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда қолайлы.

"Қазақстанға ұзақ мерзімге келетін мамандар үшін баспана жалдау, көлік пайдалану және күнделікті шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік бар. Сонымен бірге цифрлық көшпенділер үшін интернет сапасы өте маңызды. Елімізде қажетті цифрлық және қалалық инфрақұрылым қалыптасқан. Ірі қалаларда қашықтан жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған", – деді Айдын Қапашев.

Ол шетелдік мамандардың Қазақстанда қауіпсіз ортада тұрып, өз жұмысын жалғастыра алатынын атап өтті.

"Neo Nomad визасы арқылы шетел азаматтары Қазақстанда бір жылға дейін тұра алады. Осы уақыт ішінде ел аумағына бірнеше рет кіріп-шығу мүмкіндігі бар. Бұл виза иелері Қазақстанда жүргенімен, шетелдік компаниялармен жұмысын жалғастыра береді немесе басқа елдердегі тапсырыс берушілерге қызмет көрсете алады", – деді комитет өкілі.

Айдын Қапашевтің айтуынша, бағдарламаның тағы бір артықшылығы – Қазақстанның табиғи және туристік әлеуеті.

"Цифрлық көшпенділер жұмыс уақытынан тыс кезде таулы аймақтарға, ұлттық парктерге, көлдер мен демалыс орындарына барып, жұмыс пен саяхатты қатар үйлестіре алады", – деді ол.

Комитет өкілі Neo Nomad визасы туралы ақпарат шетелде түрлі бағыттар арқылы таратылып жатқанын айтты. Бағдарлама Қазақстанның елшіліктері мен консулдықтары, сондай-ақ туристік бағыттағы ресми платформалар арқылы таныстырылуда.

"Қашықтан жұмыс істеу кең таралған АҚШ, Ұлыбритания және Канада азаматтарының бұл бағдарламаға қызығушылығы байқалады. Виза туралы ақпарат ресми ресурстарда жарияланып, шетелдік аудиторияға жеткізіліп жатыр", – деді Айдын Қапашев.

Оның айтуынша, жоба жақында іске қосылғандықтан, әзірге оған үлкен өзгерістер енгізу жоспарланбаған. Алдымен визаны пайдалану тәжірибесі сараланып, бағдарламаның тиімділігі бағаланады.

"Алдағы уақытта талдау нәтижесіне қарай бағдарламаны жетілдіру, ақпараттық жұмысты күшейту және Neo Nomad визасының танымалдығын арттыру бағыттары қарастырылуы мүмкін. Қазіргі таңда Қазақстанға тартылатын цифрлық көшпенділер саны бойынша нақты мақсатты көрсеткіш бекітілген жоқ", – деді ол.

Айта кетейік, Neo Nomad визасы Қазақстанда 2024 жылдың қараша айында іске қосылды. Ол шетелдік компанияда қашықтан жұмыс істейтін немесе шетелдегі тапсырыс берушілермен жұмыс жасап, табысын басқа мемлекеттен алатын азаматтарға арналған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу