Қазақстан экономикасы жарты жылда 4,1 пайызға өсті

Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы таратты.  

Қазақстан экономикасы жарты жылда 4,1 пайызға өсті Фото: AI Atameken Business

Ресми дерекке сай, қаңтар-маусым аралығында өндірілген ЖІӨ көлемі 70,95 триллион теңгеге жеткен,  деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Экономиканың өсіміне бірқатар негізгі сала серпін берді. Ең жоғары көрсеткіш құрылыс саласында тіркеліп, ол бір жылда 15,2 пайызға өскен. Одан кейінгі орында өңдеу өнеркәсібі – 9,8 пайыз, көлік және қоймалау 7,1 пайыз болды.

Сондай-ақ, көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу саласында өсім 5,7 пайызды, ал ауыл, орман және балық шаруашылығында 4,4 пайызды құрады.

ЖІӨ құрылымында тауар өндірудің үлесі – 36,4 пайыз, ал қызмет көрсету секторының үлесі 55,4 пайыз болды. Экономикадағы ең ірі үлес өнеркәсіпке тиесілі – 28,6 пайыз.

Жалпы экономикалық өсімге ең көп үлесті өңдеу өнеркәсібі қосты. Оның ЖІӨ өсіміне қосқан үлесі 1,25 пайыздық тармақты құрады. Көтерме және бөлшек сауданың үлесі 0,93 пайыз болса, құрылыс саласының үлесі 0,79 пайызға жетті.

Осылайша, жылдың алғашқы алты айындағы экономикалық өсімнің негізгі драйверлері құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда және көлік салалары болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу