Қазақстан ең дамыған елдердің қатарында болуы тиіс – Мемлекет басшысы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Волонтерлер форумында Үкімет 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлейтінін айтты. 

Қазақстан ең дамыған елдердің қатарында болуы тиіс – Мемлекет басшысы Фото: Ақорда

Президенттің пікірінше, кәсіби эковолонтерлерді даярлап, әр аймақта тұрақты ұжымдарды жасақтау да өте маңызды саналады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Бүгінде еріктілер елді мекендерді көркейтуге белсене атсалысып жүр. Олар былтырдың өзінде "Таза Қазақстан" аясында өткен 1300-ден астам іс-шараға қатысты. Сондай-ақ, волонтерлер ағартушылық сипаттағы түрлі бастамаға ұйытқы болды.

Осындай игі істер арқылы елімізде жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр.

Бұл бағыттағы жұмысты күшейте түсу керек, себебі экологиялық мәдениеттің жоғары болуы кез келген елдің озықтығы мен жасампаздығының айқын көрінісі.

Ал Қазақстан ең дамыған елдердің қатарында болуы қажет, бұл – біздің ұлттық стратегиямыздың аса маңызды бөлігі. Әсіресе, кәсіби эковолонтерлерді даярлап, әр аймақта тұрақты ұжымдарды жасақтау өте маңызды. "Таза Қазақстан" қозғалысын ұлттық идея және мемлекеттік саясат ретінде міндетті түрде кеңінен дәріптеп, жалғастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке еріктілер ісін дамыту бойынша 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлеуді де тапсырып отыр. 

– Волонтерлікті дамыту үшін мемлекет деңгейіндегі жаңа жүйелі шаралар қажет.

Биыл еріктілер ісін дамытуға арналған үш жылдық Жол картасын іске асыру мерзімі аяқталады. Сондықтан Үкімет 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлегені жөн.

Бұған дейін қабылданған шаралардың тиімділігіне баға беру және Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сай волонтерлік қозғалысты нығайту үшін қосымша ынталандыру тетіктерін қарастыру маңызды, – деді Президент. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу