Қазақстан ең ірі халықаралық туристік көрме ITB Berlin-ге қатысуда

924

Биыл әлемнің ең ірі туристік шараларының бірінде 181 елден келген 10 мыңнан аса қатысушы, бүкіл әлемнен келген туристік бизнестің 100 мыңнан аса кәсіби маманы, сонымен қатар ондаған мың келушілер болады деп күтілуде

Қазақстан ең ірі халықаралық туристік көрме ITB Berlin-ге қатысуда

2019 жылдың 6 наурызында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының және Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Болат Нүсіповтің қатысуымен көрмедегі қазақстандық стендтің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚР мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Ресми ашылудан кейін стендте "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ және Messe Berlin арасында берлиндік көрменің аналогы ITB Eurasia көрмесін келесі жылы Астанада өткізу жөніндегі келісімге қол қою рәсімі өтті.

Биыл Берлин қаласындағы көрмеде "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ ұлттық тағамдарға, көшпелі өркениет мұрасына, Қазақстанның мәдени және табиғи орындарына ерекше мән беріп, этникалық және мәдени туризм тақырыбын ұсынды.

Стендте өтетін шеберлік сыныптарында қонақтар құрт және жент жасауды, сазсырнай музыкалық аспабын жасауды үйрене алады. Сондай-ақ көрмеде бірегей "бармен-шоу" өтпек: қонақтарға қымыздан жасалған түрлі коктейльдерден дәм татуға мүмкіндік беріледі.

Осылайша, 5 күн ішінде қазақстандық стендте келуші қонақтар еліміздің мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен танысады. Бұған қоса, көрмеге келушілер Бозжыра шатқалы бейнеленген фотозонаның алдында суретке түсіп, виртуалды шындық көзілдірігін тағып көріп, дәстүрлі дастархан түрінде жасалған арнайы b2b аумағында қазақстандық туристік компаниялармен келіссөздер жүргізе алады.

Көрмедегі қазақстандық делегация құрамына 30-дан аса адам кіреді, олардың ішінде елге турист әкелуші туристік компаниялардың, қонақ үйлер мен өңірлік туризм басқармаларының өкілдері бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу