Елімізде ішкі тауар айналымының көлемі 36,2 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бірінші жарты жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымының көлемі 36,2 триллион теңгені құрап, 15,3 пайызға өсті. Негізгі өсім азық-түлік сегменті есебінен қамтамасыз етілді. Оның өсімі шамамен 30 пайыз болды. Отандық агроөнеркәсіп өндірушілерінің сыртқы нарықтағы ұстанымдары да нығаюда. Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша азық-түлік экспорты 34,4 пайызға өсіп, 1,6 миллиард долларға жетті", – деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар импортқа тәуелділік төмендегені айтылды. Оның үлесі 14,7% дейін қысқарды.
"Бүгінде Қазақстан ең қажетті өнімдермен ішкі сұранысты қамтамасыз етеді. Күнбағыс майы, ұн, күріш, картоп, пияз, сәбіз, макарон өнімдері, сиыр және қой еті бойынша 100 пайыз қамтылған", – деп атап өтті Арман Шаққалиев.