Қазақстан Еуропадағы қылмыскерлерді іздеуге қатысты жаңа келісім жасасты

416

Сапар аясында қазақстандық қадағалау органының басшысы Еуропалық прокуратураның басшысы Лаура Кёвешимен кездесті.

Қазақстан Еуропадағы қылмыскерлерді іздеуге қатысты жаңа келісім жасасты Фото: Бас прокуратура

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Люксембургке жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Келіссөздер барысында тараптар қылмыстық-құқықтық саладағы халықаралық ынтымақтастық, қылмыстың өзекті түрлеріне, оның ішінде трансұлттық қылмысқа бірлесіп қарсы іс-қимыл жасау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, активтерді іздестіру және қайтару мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Еуропалық прокуратура арасында өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды.

"Аталған халықаралық құжат қазақстандық прокуратураның Еуропалық Одақ прокурорларымен тікелей өзара әрекеттесуінің құқықтық негізін қалыптастырады. Ол жедел ақпарат алмасуды, бірлескен тергеу топтарын құруды, қылмыскерлерді экстрадициялау, қылмыстық жолмен алынған кірістерді іздестіру, оларға тыйым салу және тәркілеу мәселелері бойынша өзара көмек көрсетуді қамтиды", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Б.Асылов Люксембургтің Бас прокуроры Джон Петримен кездесу өткізді. Тараптар қылмысқа қарсы күрес, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ прокурорлық қызметтің озық тәжірибелері мен тиімді практикаларын алмасу мәселелерін жан-жақты талқылады.

Кездесу соңында тараптар өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша әріптестікті одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін растады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу