"Қазақстан халқына" қоры кімдерге көмек көрсетті?

540

Қор шотына бүгінге дейін 131 миллиард 7 миллион теңге қаражат түскен.

"Қазақстан халқына" қоры кімдерге көмек көрсетті? Фото: google.com

Қазір жалпы жиналған қаржының 12,6 миллиарды игеріліп, қордың шотында 119 миллиард теңге қалған.

Азиза Шатманова  7 баланың анасы. Қолындағы 2 жасар қызы Томирис. 1 айлық кезінде аяғында гемонгиома пайда болған. Тура осындай ісік кенжесінде де бар. Балаларын қарату үшін емханаға келгенінде көпбалалы ана ретінде тегін көмек ала алатынын естіген. Ақысын "Қазақстан халқына" қоры өтейді екен.

"Алтыншы қызымның аяғында, жетіншімнің денесінде гемонгиома бар. Осы қызымды қаратуға келгенде дәрігер менің көпбалалы ана екенімді білген соң қордан көмек алуға болатынын айтты. Әрине, қабыл алдық. Бүгін бірінші рет келіп тұрмыз, негізі мұндай ем қанша тұратынын да білмейміз" - көпбалалы ана Азиза Шатманова.

Қордың арнайы жобасы арқылы аз қамтылған немесе көпбалалы, бір мүшесінің мүгедектігі бар отбасылардан шыққан 90 балаға көмек көрсетілуі тиіс. Әзірге емделіп жатқандары 61. Бұл бағдарламаның бюджеті  20 млн 480 мың теңге.

"Қазақстан халқына" қорымен биылғы жылдың мамырынан бастап жұмыс істеп келе жатырмыз. Бұл мәселе үкіметтік емес секторлардың кездесуінде көтерілген. Содан қор байланысқа шығып, біз арқылы әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға біраз қолдау көрсетті. Арнайы келісім шартқа отырдық. Әр клиникалық емнің белгілі бір сомасы бар. Оған консультация, диспансерлік бақылау, лазерлік ем кіреді" - дейді Медицина ғылымдарының кандидаты Роза Қарабекова.

Осы секілді "Қазақстан халқына" қорының әлеуметтік, медициналық көмек көрсетуді, грант бөліп, орталықтарды құрал-жабдықтармен қамтуды көздейтін 12 бағдарламасы бар.  Әзірге ең қымбаты, 13 239 200 000 теңге бөлінген білім гранттарын бөлу бағдарламасы болып тұр.

"Қаңтар айынан бастап қорға 131,7 миллиард қаражат түсті. Оның 12,6 миллиарды бойынша бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға төлем жүргізілді. Қазіргі таңда қорда шамамен 119 миллиард теңге қалды. Алдағы уақытта бізде жүзеге асырып жатқан жиырмаға жуық бағдарлама мен жоба бар" - "Қазақстан халқына" қорының ресми өкілі Диас Бейсенбек.

Кез келген бағдарлама қолға алынбас бұрын сарапшылар мен қамқоршылар кеңесінен өтеді екен. Содан кейін ғана меморандум жасалып, серіктестері, орындалу кезеңін анықтайды. Әр жобада кемінде 2-3 серіктес болады. Ал ақша салатындар  донорлар. Бүгінге дейін 23 донор қордың шотына 89 миллиард теңге аударған.

Сымбат Серікқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу