Елімізде халықтың ақшалай табыс көрсеткіштері артып келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ресми дерекке сүйенсек, I тоқсандағы жан басына шаққандағы орташа атаулы және нақты ақшалай табыстар біршама өскен.
2026 жылғы I тоқсандағы бағалау бойынша халықтың жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы айына 252 619 теңгені құрап отыр. Бұл 2025 жылғы I тоқсанмен салыстырғанда 11,8% жоғары. Осы кезеңнің тұтыну бағаларының индексін (11,7%) ескере отырып, халықтың ақшалай табыстары нақты мәнде 0,1% өскен.
2026 жылғы I тоқсанда халықтың орта есеппен айына жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары мөлшерінің ең жоғары мәні Алматы қаласы (408 182 теңге) және Ұлытау облысында (353 036 теңге) белгіленді.
Өткен жылдың осы кезеңдегі тоқсанымен салыстырғанда өңірлер бөлінісінде атаулы ақшалай табыстардың ең үлкен өсімі Алматы облысында – 19,1% және Қарағанды облысында – 16,4% тіркеліп отыр.
Ұлттық статистика бюросы бұл мәліметтердің алдын ала екенін және бастапқы ақпарат нақтылануына байланысты қайта есептелуі мүмкін екенін атап өтті.