Қазақстан халықаралық қаржы ұйымдарымен әріптестікті күшейтеді

157

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстан халықаралық қаржы ұйымдарымен әріптестікті күшейтеді Фото: Үкімет

Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен ҚР Үкіметінің Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жиынға Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразиялық даму банкі, Шығыс көршілер мен Орталық Азия елдеріне несие беру жөніндегі инвестициялық банкі және басқа да ұйым өкілдері қатысты.

Еліміздің инфрақұрылымын салу және жаңғырту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру барысы қаралды. Сондай-ақ макроэкономикалық тұрақтылықты нығайту, адами капиталды дамыту, өнімді инновациялар мен ЖИ технологияларын енгізу жөніндегі бастамаларға назар аударылды.

Жаңа Конституцияның қабылдануымен елімізде экономиканың серпінді өсуіне және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған дамудың жаңа кезеңі басталғаны атап өтілді. Өз кезегінде, құқықтық базаны жетілдіру еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жобаларды жүзеге асыруға қажетті кепілдіктерді қамтамасыз етеді.

Экономикалық саясат мәселесі бойынша Үкіметтің, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. 2025 жылдың қазан айынан бері жылдық инфляцияның баяулауы байқалды, бұл – жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралардың нәтижесі. 

"Біз баға қысымын, инфляция деңгейін төмендету жөніндегі саясатты табанды түрде жалғастыруға ниеттіміз. Үкіметтің, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі бірлескен бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биыл біз азаматтардың нақты табысын кем дегенде 2-3%-ға арттыруды алдымызға мақсат етіп қойдық. Бұл – жүзеге асырылып отырған ауқымды жұмыс", –  деп атап өтті Олжас Бектенов.

Дүниежүзілік банктің фискалдық саясат және экономикалық өсу бағытының өңірлік басшысы Антонио Нучифора мен Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссиясының басшысы Амина Ларэш макроэкономикалық тұрақтылықты жалғастыру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Экономикалық өнімділікті арттыруды жалғастыруға және жеке сектордың тұрақты экономикалық өсудің драйвері ретіндегі рөлін кезең-кезеңімен нығайтуға басымдық берілді.

Бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері пікір білдірді.

Президент кеңесшісі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев мемлекеттің үлесін төмендету және нақты экономиканы несиелеудегі банк секторының рөлін күшейту жөніндегі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Бұл мемлекеттік капитал мен жеке капитал арасындағы бәсекелестікті болдырмауға мүмкіндік береді. Азық-түлік инфляциясының деңгейін төмендету мәселесіне қатысты сауда нарықтарының тиімділігін одан әрі арттыруға, көтерме-тарату орталықтарының инфрақұрылымы мен логистиканы дамытуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және басқа да бағыттарға назар аударылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу