Қазақстан институттары этностық және конфессиялық әралуандыққа бейімделген – сарапшы

232

Бұл туралы АҚШ-тағы Вебстер университетінің доценті, халықаралық сарапшы Ираклий Джавахишвили айтты. 

Қазақстан институттары этностық және конфессиялық әралуандыққа бейімделген – сарапшы Фото: Жеке мұрағаттан

Қазақстандағы қоғамдық келісім мен діни әралуандық елдегі институционалдық реформалардың маңызды бағыттарының бірі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Сарапшының пікірінше, Қазақстанның әлеуметтік және саяси дамуы ел халқының этностық және конфессиялық құрамының алуан түрлілігімен тығыз байланысты. Сондықтан мемлекеттік институттарды жаңғырту барысында қоғамдық келісімді сақтау маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.

Ираклий Джавахишвилидің айтуынша, Қазақстанда азаматтарды нәсіліне, этностық тегіне, жынысына, тіліне, дініне, наным-сеніміне және әлеуметтік жағдайына қарай тікелей немесе жанама кемсітуге жол бермейтін құқықтық база қалыптасқан. Тиісті кепілдіктер қылмыстық, еңбек, азаматтық, әлеуметтік және әкімшілік заңнамада қарастырылған.

Халықаралық сарапшы Қазақстанның көпэтносты және көпконфессиялы сипаты елдің институционалдық жүйесінен де көрініс тапқанын атап өтті.

"Қазақстанда 18 конфессияны қамтитын 4 мыңнан астам діни бірлестік тіркелген. Сонымен қатар елде мұсылман, христиан, иудей, буддист және басқа да діни қауымдарға тиесілі мыңдаған ғибадат орны жұмыс істейді", – деді Ираклий Джавахишвили.

Ол 2025 жылы қабылданған заңнамалық өзгерістерге де тоқталды. Сарапшының айтуынша, діни қызмет саласындағы бірқатар құқық бұзушылық үшін жауапкершілік жеңілдетіліп, діни әдебиеттерді реттеуге қатысты кейбір талаптар оңайлатылған. Оның пікірінше, бұл діни қызметті реттеуде неғұрлым сараланған тәсілге көшудің белгісі.

Сондай-ақ халықаралық сарапшы Қазақстанда 2026 жылы Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуына тоқталды. Ол бұл бастаманы қоғамды біріктіруге бағытталған тетік ретінде бағалады.

"Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы этномәдени бірлестіктердің, азаматтық қоғам ұйымдарының және жергілікті өкілді органдардың өкілдерін біріктіретін жаңа конституциялық консультативтік тетікті қалыптастыруға жол ашты", – деп қорытындылады сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу