Жылдамдығы жоғары 55 мемлекеттің арасында еліміз интернет бағасының тиімділігі жөнінен жетінші орынға тұрақтады.
Finprom сарапшылары Broadband Genie және Speedtest Global Index платформаларының мәліметтерін талдап, осындай қорытындыға келген. Зерттеу нәтижесі Қазақстанда интернет қызметінің құны көптеген елмен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін көрсетті.
Атап айтқанда, Қазақстанда мобильді интернеттің 1 гигабайты орта есеппен 0,3 доллар тұрады. Ал әлемдік орташа баға – 1,23 доллар. Елімізде ай сайынғы интернет тарифінің орташа құны 10,65 доллар шамасында болса, дамыған мемлекеттерде бұл сома 27 доллардан асады.
Интернет жылдамдығы бойынша да Қазақстанның көрсеткіші жаман емес. Елдегі қосылымның орташа жылдамдығы секундына 93 мегабитке жеткен. Бұл көрсеткішпен Қазақстан әлемдік рейтингте 51-орынға жайғасқан. Осылайша, интернет жылдамдығы жағынан Канада, Ұлыбритания, Италия және Испаниядан жоғары тұр.
Мысалы, Канадада интернет жылдамдығы Қазақстандағыдан төмен болғанымен, ай сайынғы төлем көлемі шамамен 5,5 есе қымбат. Ал Біріккен Араб Әмірліктері мен Катарда интернет қызметінің бағасы Қазақстанмен салыстырғанда бес есе, Кувейтте жеті есе жоғары.