Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бірқатар қаладағы жылу электр орталықтарының құрылысына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
"Бүгінде Қазақстанның бай ресурстық әлеуетіне қарамастан, энергетикалық жүйеміздің беріктік қоры ең төменгі шекке жетті, яғни ел іс жүзінде "энергетикалық тығырыққа" тірелді. Бұл ескірген технологиялармен жұмыс істейтін энергетикалық нысандар мен инфрақұрылымның әбден тозуына және заманауи шешімдерді қолдана отырып, уақтылы жаңғыртылмауына байланысты. Мысалы, мұнай-газ секторын есептемегенде, еліміздегі көмір қоры 33 млрд тоннаға бағаланады, бұл тиімді пайдаланған жағдайда үш ғасырға жетеді. Көршілеріміз көмір отынымен жұмыс істейтін экологиялық таза әрі икемді генерацияны игеріп үлгерді. Ал біз әлі күнге дейін зиянды әрі тиімсіз ескі технологияларды жамап-жасқап ұстап отыруға мәжбүрміз", – деді депутат.
Еділ Жаңбыршин осы мәселеге қатысты бірқатар мәселе көтерді.
"Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу-электр орталықтарының құрылысы осы уақытқа дейін қандай себептермен басталмаған? Екібастұздағы ГРЭС-2-ні кеңейту жобасының қазіргі мәртебесі қандай және ГРЭС-3 құрылысын бастау қашан жоспарланған? Курчатов қаласындағы электр станциясын уақтылы пайдалануға беру үшін қандай нақты шаралар қабылданып жатыр?", – деп сұрады Мәжіліс депутаты.
Депутат экологиялық жүктемені азайту үшін ұлттық жоба аясында көмір генерациясының қандай заманауи технологиялары енгізілетінін де нақтылады.