Қазақстан қашықтан оқытуда табысы жоғары елдермен теңесті

823

Елдегі оқушылар 11 ай бойы қашықтан оқыған, бұл Еуропа және ЕАЭС елдерімен салыстырғанда көп, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.  

Қазақстан қашықтан оқытуда табысы жоғары елдермен теңесті

ЮНЕСКО дерегінше, COVID-19 пандемиясы 190-нан аса елдегі 1,6 млрд-қа жуық оқушының өміріне әсер еткен. Мектептер мен басқа да білім беру мекемелерінің жабылуы оқушылар мен студенттердің әлемдегі контингентінің 94%-ын қамтыған. Алайда елдер арасында қашықтан оқыту бойынша айтарлықтай алшақтық бар. Табысы жоғары елдерде оқушылардың шамамен 80-85%-ы қашықтан білім алған, ал табысы төмен елдерде бұл көрсеткіш 50%-ға төмен. Мұндай айырмашылық интернетке қолжетімділіктің төмендігімен түсіндіріледі. Ауқатты емес елдерде оның орнына радио және теледидар сияқты дәстүрлі әдістер қолданылған.

Қазақстандағы коронавирус шектеулері Орталық Азия, ЕАЭО, Еуропаның дамыған елдеріндегі жағдаймен салыстырғанда мектеп жұмысына айтарлықтай әсер еткен. Осылайша елдегі мектептер 11 ай 3 аптаға жабылған. Оның ішінде 2,5 ай – толық, 8 ай 3 апта – ішінара.

Мысалы, Қырғызстанда мектептер 6,5 айға, Ресей, Армения және Өзбекстанда шамамен 3 айға жабылған, ал Тәжікстан, Түрікменстан немесе Беларусьте оқушылар кашықтан оқуға көшпеген, білім ордалары жабылмаған.

Еуропа елдеріне тоқталайық, Польшада оқушылар 10 ай 3 апта, Германияда 9,5 ай қашықтан білім алған. Осылайша қазақстандық оқушылар еуропалықтардан ұзағырақ онлайн оқыған.

Қазақстанда оқушылардың ұзақ уақыт қашықтан оқуы интернетке қолжетімділіктің арқасында болды. Биыл бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елде интернетпен қамтылуы деңгейі – 98,3%.

Қазақстандықтардың басым бөлігі мобильді интернетті пайдаланады. Маусымның соңында интернетке қолжетімділігі бар 16 млн ұялы байланыс абоненті тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,9%-ға артық.

Бүгінде Қазақстанда интернетке қолжетімділік деңгейіне тікелей әсер ететін 3 ұялы байланыс операторы жұмыс істейді. Ең ауқымды абоненттік база Beeline-да. Оның қызметін 9,6 млн абонент пайдаланады немесе елдегі жалпы абоненттер санының – 40%.

Пандемия мен қашықтан оқыту кезінде (1 жылда) Beeline желісіндегі трафик 63%-ға өскен, мобильді интернеттің әр қолданушысы 2020 жылы орташа есеппен 11,9 Гб трафикті пайдаланған, 2019 жылмен салыстырғанда 50%-ға көп.

Клиенттер саны бойынша екінші орында Kcell тұр: 8 млн абонент, үшінші орында Tele2/Altel: 6,5 млн абонент.

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу