Қазақстан көмірі Ресей порты арқылы экспорттала бастады

889

Қазақстан көмірі Ресей порты арқылы экспорттала бастады

Павлодар облысында көшпелі жиын өткізген энергетика министрі Қанат Бозымбаев кеніш басшыларына нақты тапсырмалар берді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлайды.
Павлодар аумағындағы ірі көмір кеніштері аязды күндері де өндірісін тоқтатпады. Мысалы, энергетика саласына көмір өндіретін "Богатырь" кеніші өткен жылы тұтынушысына 41 миллион тонна қатты отын жеткізіпті. Осылайша көмір өндіру көлемі 17 пайызға артқан. Ал "Восточный" кеніші болса өнім көрсеткішін 1 миллион тоннаға арттыруды жоспарлап отыр. Кәсіпорын алғашқылардың бірі болып байытылған отын алуға көшті. Енді аз мерзімде отандық нарыққа көмірдің жаңа түрімен шықпақ.
"Восточный" көмір кенішінде фракцияланған көмір шығару жобасы сынақтан өтіп жатыр. Ол негізінен металлургия саласына арналған. Соған қарамастан күлі аз көмірді тұрмыстық мақсатта пайдалануға болады", – дейді мамандар. Биылғы жылы кәсіпорын 60 мың тонна тауарлы көмір өндіруді межеге алған.
Көмір кеніштерінде байыту фабрикаларын салу энергетика министрлігінің басты талабы болмақ. Бұл туралы облысқа жұмыс сапарымен барған еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты. Ол әсіресе "Майкөбе" көмір кенішінің ерекше назарда екенін атап өтті. Биылғы жылы кәсіпорынның кен орнын игеру келісімі аяқталады екен.
"Егер кенішке озық технологиялар енгізілмесе, көмірдің сапасы қажетті кондицияға дейін жеткізілмесе және алынатын өнім түрі экспорттық деңгейге көтерілмеген жағдайда біз олармен келісімшартты ары қарай ұзартпаймыз", - деді Қанат Бозымбаев.
Қазақстанның көмірі қазір Ресей порты арқылы экспорттала бастады. Осының өзі оның өндірісін әртараптандыруға жол ашады. Бірақ қатты отын алдымен ішкі нарықтың сұранысын толық қанағаттандыруы тиіс. Павлодар облысы Екібастұз аумағындағы көмір кеніштерін аралаған министр осы мәселеге ерекше тоқталды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу