Еліміз көміртек теңгерімін бақылаудың жаңа тәсілдерін енгізуде

112

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлім етті.

Еліміз көміртек теңгерімін бақылаудың жаңа тәсілдерін енгізуде Фото: gov.kz

Астанада ФАО – ГЭФ-7(БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы және Жаһандық экологиялық қор) жобасы аясында "Қазақстандағы топырақтың органикалық көміртегі: LDN, NDC мақсаттарына қол жеткізу және халықаралық көміртек саудасына қатысу үшін өлшеу мен мониторинг" тақырыбындағы мамандандырылған семинар (агроорман мелиорациясы және жайылымдарды қалпына келтіру бағыты бойынша) өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Іс-шараны Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы ұйымдастырды.

Қазақстан БҰҰ-ның шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы мен Париж келісімі сияқты негізгі халықаралық келісімдердің қатысушысы ретінде жер ресурстарының жай-күйі мен көміртек теңгерімін тиімді мониторингтеу жүйесін қалыптастыру бағытында жұмыс атқарып келеді. Осы тұрғыда топырақтың органикалық көміртегі (SOC, Soil Organic Carbon) жайылым және ауыл шаруашылығы экожүйелерінің деградациясы мен қалпына келуін бағалаудың негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылады.

IPCC ұсынымдары мен Verra VCS стандарттары секілді халықаралық өлшеу талаптарын енгізу ұлттық парниктік газдар кадастрын әзірлеу және елдің халықаралық көміртек саудасына толыққанды қатысуы үшін маңызды.

Семинардың мақсаты – сарапшылар арасындағы диалогты нығайту және топырақ деректерінің ұлттық ақпараттық жүйесін құруды ілгерілету. Сарапшылар заманауи технологияларды, атап айтқанда жерді қашықтан зондтау, геоақпараттық жүйелер және жасанды интеллект әдістерін қолдануға ерекше назар аударды. Сонымен қатар қатысушыларға топырақ үлгілерін іріктеудің ландшафтық тәсілі таныстырылды, бұл деректердің дәлдігін арттырып, ұлттық мониторинг жүйесін құру шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Талқылауға ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ ғылыми және академиялық қауымдастық қатысты.

ФАО/ГЭФ-7 жобасы тұрақты жер пайдалану тәжірибелерін енгізу бойынша жұмысын жалғастыруда. Бұл Қазақстанда тиімді экологиялық саясатты қалыптастыруға және климаттық есептіліктің ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу