Қазақстан құрамасы 22–27 қыркүйек аралығында Қытайдың Шанхай қаласында өтетін WorldSkills Shanghai 2026 әлемдік кәсіби шеберлік чемпионатына қатысады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан атынан 33 жас маман қатысып, 31 құзыреттілік бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында мехатроника, инженерлік графика, CNC технологиялары, бағдарламалық және мобильді қосымшаларды әзірлеу, дәнекерлеу, электроника, мобильді робототехника, электромонтаж, өнеркәсіптік дизайн, аспаздық, автокөлік жөндеу және ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйелері бар.
Биылғы чемпионатқа 70-тен астам ел мен өңірден 1400-ден астам жас маман қатысып, 64 құзыреттілік бойынша өз шеберлігін көрсетеді.
Чемпионаттың ашылу салтанаты 22 қыркүйекте өтеді. Негізгі жарыстар 23–26 қыркүйек аралығында Шанхай ұлттық көрме және конгресс орталығында ұйымдастырылады. Ал 27 қыркүйекте жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады.
WorldSkills қозғалысы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға және жастардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Қазақстандағы қозғалыстың ұлттық операторы – Оқу-ағарту министрлігінің "Talap" КЕАҚ.