Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 3,19 млрд долларға жетті

148

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 3,19 млрд долларға жетті Фото: Үкімет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули Стаффтпен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, цифрландыру, жасанды интеллект және ғарыш саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы қаралды.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың қараша айындағы Вашингтонға сапары елдер арасындағы экономикалық әріптестіктің ауқымын айқын көрсеткенін атап өтті. Жалпы сомасы $17 млрд болатын қол қойылған 29 келісім экономикалық байланыстардың кеңеюіне елеулі серпін берді. Қазақстан Үкіметі қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға басымдық береді.

"Қазақстан – Америка ынтымақтастығы бүгінде қарқынды дамып келеді. Оның негізінде стратегиялық көзқарасы біздің бірлескен жұмысымызға практикалық сипат беретін қос ел көшбасшылары арасындағы берік қарым-қатынас жатыр. Біз жоғары саяси деңгейдегі тығыз диалог елдеріміздің арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету үшін одан әрі қолайлы жағдай туғызады деп сенеміз", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

"Біздің елдер арасында бұрын-соңды болмаған қатынастар қалыптасты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың Бейбітшілік кеңесі және Ибраһим келісімдері жөніндегі бастамасына қатысты нақты ұстанымын білдірді. Мұның барлығы да таихи әрі серпінді бастамалар. Қолдау көрсеткені үшін Америка Құрама Штаттары мен Президент Трамп Қазақстанға алғыс білдіреді", – деп атап өтті Джули Стаффт.

2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы $3,19 млрд-қа жетті, ал 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында $487,4 млн-ды құрады. Кездесуде АҚШ-тың Қазақстан экономикасындағы негізгі стратегиялық инвесторлардың бірі ретіндегі маңызы атап өтілді. Қазіргі уақытта елімізде америкалықтардың қатысуымен 600-ден астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстандық нарықта Chevron, ExxonMobil, Amazon, Citi, Wabtec, John Deere, Boeing, Oracle, PepsiCo және Mars сияқты компаниялардың болуы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін растайды.

Кездесу барысында мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі реформалау мен жаңартуға негіз болған жаңа Конституцияның ережелерін жүзеге асыруға да назар аударылды. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Ата заңымыз саяси тұрақтылықты нығайтып, мемлекет пен қоғамның үдемелі дамуы үшін берік негіз құратынын атап өтті. 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтуға, сондай-ақ басым бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бейілділігін растады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу