Қазақстан мен АҚШ авиациялық білімде серіктестікті күшейтті

115

Халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту аясында Азаматтық авиация академиясы мен Kent State University (АҚШ) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.   

Қазақстан мен АҚШ авиациялық білімде серіктестікті күшейтті Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Меморандумға Kent State University президенті Тодд Дайакон және Азаматтық авиация академиясы Басқарма төрағасы - ректордың міндетін атқарушы Қайрат Жақыпов қол қойды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Құжатқа қол қою тараптар арасындағы өзара іс-қимылды дамытудың маңызды кезеңі және авиациялық мамандарды даярлау, сондай-ақ ғылыми-білім беру бастамаларын дамыту саласындағы ынтымақтастықты кезең-кезеңімен кеңейту ниетін бекітті.

Әріптестікті қалыптастыру жұмыстары 2025-2026 жылдар аралығында жүйелі түрде жүргізіліп, бірқатар жұмыс кездесулерін, білім беру бағдарламаларымен алмасуды және өзара іс-қимылдың ықтимал бағыттарын талқылауды қамтыды.

Жүргізілген жұмыстар барысында тараптар білім беру тәсілдерінің негізгі құзыреттер бойынша ұқсастығын атап өтіп, ынтымақтастықты жүйелі негізде дамытуға өзара мүдделілігін растады. Меморандумға қол қою осы диалогтың логикалық жалғасы болып, бірлескен жобаларды практикалық тұрғыда іске асыруға көшуге негіз қалады.

Ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін 2026 жылғы қаңтар айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Kent State University университетінің жаһандық білім беру жөніндегі вице-президенті Марчелло Фантонидің өткізген жұмыс келіссөздері барысында берілді. Келіссөздер аясында қос диплом бағдарламаларын іске асыру, Халықаралық авиация университетінің тұжырымдамасын әзірлеу, академиялық ұтқырлықты дамыту, сондай-ақ бірлескен ғылыми және зертханалық зерттеулер жүргізу мәселелері талқыланды.

Алғашқы кезеңде ұшқышсыз авиациялық жүйелер; әуе қозғалысын ұйымдастыру және қызмет көрсету; әуе кемелерін техникалық пайдалану басым бағыттары бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске қосу жоспарланған. Аталған кезең келісілген білім беру шешімдерін қалыптастыруға және білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуға бағытталған.

Алдағы уақытта тараптар ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін, оның ішінде неғұрлым кешенді білім беру бастамаларын пысықтауды қарастырады.

Меморандум аясында ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамытуға да ерекше назар аударылады. Авиациялық технологиялар, тұрақты даму және саланы цифрландыру бағыттары бойынша бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары қарастырылмақ.

Тараптар барлық бастамаларды академиялық, ұйымдастырушылық және реттеушілік аспектілерді ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, біліктіліктерді тану, білім беру стандарттарын үйлестіру және нормативтік реттеу мәселелері тиісті уәкілетті органдардың қатысуымен белгіленген тәртіпте пысықталатын болады.

Азаматтық авиация академиясы мен Kent State University арасындағы меморандум екі елдің білім беру және ғылыми ұйымдары арасындағы әріптестікті одан әрі дамытуға және ұзақ мерзімді өзара іс-қимыл тетіктерін қалыптастыруға негіз қалайды. Сондай-ақ ол тәжірибе алмасу, мамандар даярлау сапасын арттыру және заманауи білім беру тәсілдерін енгізу үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу