Қазақстан мен Әзербайжан автотасымал рұқсаттарын толық электронды форматқа көшіреді

167

Екі ел қағаз рұқсат бланкілерінен бас тартады.  

Қазақстан мен Әзербайжан автотасымал рұқсаттарын толық электронды форматқа көшіреді Фото: ҚР Көлік министрлігі Telegram

Баку қаласында Халықаралық автомобиль қатынасы мәселелері жөніндегі Қазақстан–Әзербайжан аралас комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар 2027 жылдан бастап қағаз түріндегі рұқсат бланкілерінен толық бас тартып, e-Permit жүйесі арқылы автотасымалдарға арналған рұқсаттарды рәсімдеу мен алмасуды толық электронды форматқа көшіруге келісті. Бұл шешім халықаралық тасымалдарда цифрлық технологияларды енгізу тәжірибесін ескере отырып қабылданды.

Жаңа жүйе әкімшілік рәсімдерді оңтайландырып, тасымал үдерісінің ашықтығын арттыруға және рәсімдеу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тараптар жүк тасымалдарының тұрақты өсімін атап өтіп, екіжақты және транзиттік бағыттарды дамыту мәселелерін талқылады. Келісімге сәйкес, 2026 жылға қосымша 6 000 электрондық рұқсатпен алмасу жоспарланған.

Ал 2027 жылға арналған алдын ала квота 28 000 бірлікті құрап, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 12 000-ға артты. Бұл шешім көлік-логистикалық ынтымақтастықты және сауда байланыстарын одан әрі нығайтуға бағытталған.

Тараптар халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы әріптестікті дамытуға дайын екендіктерін растады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу