Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы тауар айналым 382 млн долларға жеткен

370

Әлихан Смайылов Астанада Башқұртстанның үкіметтік делегациясымен кездесті.

Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы тауар айналым 382 млн долларға жеткен Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанада Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасының Премьер-Министрі Андрей Назаров бастаған үкіметтік делегациямен кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында сауда, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, логистика, туризм және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. 

Әлихан Смайылов 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы өңіраралық тауар айналымы белгілі бір өсім көрсете отырып шамамен $382 млн құрағанын атап өтті. Бұл ретте тауар айналымын одан әрі арттыруға және жеткізілетін тауарлар түрлерін кеңейтуге әлеует бар.

Сондай-ақ Үкімет басшысы өнеркәсіптік кооперация саласындағы бірлескен жобалардың саны артып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, бүгінде Қостанай облысында "Уральский пружинный завод" ЖШҚ-ның өндірісін локализациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. "Башкирская содовая компания" АҚ-мен жалпы сомасы шамамен $716 млн болатын екі ірі жоба бойынша ынтымақтастық орнатылуда.

"Қазақстан Үкіметі башқұрттық кәсіпкерлерге инвестициялық жобаларды іске асыруда қажетті қолдау көрсетуге дайын", — деді Әлихан Смайылов.

Бұдан бөлек, Премьер-Министр Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын және биыл күзде Астанада "ИННОПРОМ Қазақстан" көрмесін өткізудің маңыздылығын айтып, Башқұртстан кәсіпкерлерін аталған шараларға белсенді қатысуға шақырды.

Өз тарапынан Андрей Назаров Қазақстан мен Башқұртстанның аймақтарын түрлі салалардағы көп жылдық тығыз ынтымақтастық байланыстыратынын атап өтті. Сонымен бірге оны одан әрі кеңейтуге жеткілікті әлеует бар.

"Біз қазақстандық бағытта Башқұртстан үшін және жалпы еліміз үшін, Қазақстан үшін де үлкен мүмкіндіктер көріп отырмыз. Сондықтан біз қарым-қатынасымызды әрі қарай нығайтып, жаңа бағыттар мен даму нүктелерін қосқымыз келеді", — деді Андрей Назаров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу