Астанада қос елдің өкілдері аграрлық саладағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында аграрлық саладағы өзара сауда көлемі 22,7%-ға өсіп, 226,7 миллион АҚШ долларын құрады.
Жүздесу барысында машина жасау саласындағы өзара іс қимылды дамытуға да ерекше көңіл бөлінді.
2018 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде қазақстандық кәсіпорындарда аталған ел брендтерінің 17 мыңнан астам тракторы мен 2,2 мың комбайны өндірілді.
Сонымен қатар, аграрлық ғылым мен білім саласындағы серіктестік те назардан тыс қалмады.Қазақстандық тарап өсімдіктердің сорттарын мемлекеттік сынау және патенттік қорғау саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын 2026–2030 жылдарға дейін ұзартуды ұсынды.
Жаңа бағдарламаға тәжірибе алмасу, сортосынау процестерін автоматтандыру және цифрландыру шараларын енгізу көзделген.
"Бүгінгі отырыс біздің серіктестігіміздің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, жаңа жобаларға жол ашты. Бұл бастамалар өзара тауар айналымының өсуіне, инновацияларды енгізуге және екі елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді", – деді отырыс қорытындысында Ермек Кенжеханұлы.
"Бүгінгі келісімдер екі елдің аграрлық салаларының игілігі үшін әріптестікті күшейту мен тереңдетудің берік іргетасы боларына сенемін. Алдағы уақытта басталған іс табысты жалғасатынына күмәніміз жоқ", – деп атап өтті Александр Яковчиц.
Кездесу соңында өсімдіктердің сорттарын мемлекеттік сынау және патенттік қорғау саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына 2030 жылға дейінгі мерзімге қол қойылды.
Келесі отырыс Беларусь Республикасында өтеді.