Қазақстан мен Беларусь ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласында меморандумға қол қойды

328

16-18 желтоқсан күндері Ташкент қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссиясының 26-отырысы өтіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстан мен Беларусь ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласында меморандумға қол қойды Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Жиын барысында атом энергиясын қауіпсіз пайдалану, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ осы саладағы мемлекеттік бақылау мен реттеу жүйесін жетілдіру мәселелері талқылануда. Бұл ретте Халықаралық атом энергиясы агенттігінің талаптары мен ұсынымдары ескеріліп отыр.

Отырыс аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігіне қарасты Атомдық қадағалау және бақылау комитеті мен Беларусь Төтенше жағдайлар министрлігінің Ядролық және радиациялық қауіпсіздік департаменті арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы болды.

Бұл құжат екі елдің атом энергиясын қауіпсіз пайдалану саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған. Тараптар ядролық және радиациялық қауіпсіздік бойынша тәжірибе алмасып, бір-бірінің жұмысын жетілдіруге ниетті.

Меморандумда заңнаманы жетілдіру, атом энергетикасы саласындағы қызметті лицензиялау, төтенше жағдайларға дайындық, радиоактивті қалдықтар мен пайдаланылған ядролық отынды басқару, сондай-ақ мамандарды даярлау және ғылыми-техникалық қолдауды дамыту мәселелері қамтылған.

Құжатқа қол қою Қазақстан мен Беларусьтің ядролық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін сақтауға мүдделі екенін және халықаралық талаптарды сақтай отырып, өзара кәсіби ынтымақтастықты күшейтуге дайын екенін көрсетеді.

Беларусьтің атом электр станциясын жоспарлау, салу және пайдалануға беру кезіндегі мемлекеттік бақылау тәжірибесі Қазақстан үшін пайдалы саналады. Бұл тәжірибе екі елдің реттеуші органдары арасында нақты әрі тәжірибеге негізделген кәсіби диалогты дамытуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу