Тараптар агроөнеркәсіптік кешендегі екіжақты ықпалдастықтың қазіргі жай-күйі мен даму болашағын, әсіресе мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әңгіме барысында екі ел арасындағы агроөнеркәсіп саласындағы тауар айналымы 89,5 млн АҚШ долларын құрап, 10%-ға өскені айтылды.
Вице-министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген мал шаруашылығын дамытуға арналған кешенді жоспар жөнінде баяндады.
"Жоспар аясында жылдық 6% сыйақы мөлшерлемесімен мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жеңілдетілген несиелеудің жаңа бағдарламасы іске қосылды. Несиелік қаражат ауыл шаруашылығы жануарларының басын көбейтуге және шаруашылықтардың өндірістік тиімділігін арттыруға бағытталатын болады. Бағдарламаның іске қосылуы аграрлық сала өкілдері үшін мемлекеттік қолдаудың маңызды құралына айналмақ және мал шаруашылығының дамуына қосымша серпін береді деп күтілуде", – деді вице-министр.
Кездесу кезінде ғылыми-технологиялық ынтымақтастық мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" бразилиялық тараппен әріптестікті тереңдетуге қызығушылық білдірді. Бұл бағытта Бразилияның аграрлық ғылым жүйесін зерттеу, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тәжірибесін зерделеу және Қазақстанның аграрлық ғылымын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу жоспарлануда.
Сондай-ақ қазақстандық ғалымдардың тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін, EMBRAPA ғылыми-зерттеу институттарының базасында бірлескен зерттеулер жүргізуді, технологиялар трансфертін және бразилиялық сарапшыларды бірлесіп қаржыландыру арқылы тарту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, құс және мал шаруашылығында заманауи фермалар салу бойынша бразилиялық тәжірибені енгізу, астықты сақтау және өңдеу жүйелерін дамыту, ауыл шаруашылығын механикаландыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен жұмыс істеу үшін кадрларды даярлау және оқыту бағыттарындағы әріптестікті ілгерлетуге өзара ынталылық білдірді.
Одан әрі тараптар аталған саладағы серіктестікті кеңейтуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.