Қазақстан мен ЕАЭО елдері арасындағы өзара сауда төмендеді

471

Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында импорт 9,3 пайызға азайып, экспорт керісінше 13 процентке артты.

Қазақстан мен ЕАЭО елдері арасындағы өзара сауда төмендеді Фото: Inbusiness.kz

Ұлттық статистика бюросы таратқан ақпаратқа сенсек, одақ елдерінен келетін негізгі тауарлар өсімдік және азық-түлік. Ал, бізден көлік құралдары мен аппараттар жөнелтіледі, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Жалпы тауар айналымы 2022 жылмен салыстырғанда 3 пайызға төмендеген.

Былтырғы статистика Қазақстан мен ЕАЭО елдерімен өзара саудасы 25 миллиард 741 млн АҚШ доллары төңірегінде болды дейді. Бұл 1 жыл бұрынғы көрсеткіштен төмен. Бір қуантарлығы, Одақтан алатын тауарға қарағанда сататынымыз көбейген. Яғни, 9 миллиард доллар шамасында экспорттағанбыз. Мұны сарапшылар Ресейдегі жағдаймен байланыстырды.

"Импорттың төмендегені жақсы. Ол негізінен Ресейдегі өндірушілер аяққа тұрып келе жатқанымен, алдымен ішкі нарықты ғана ойлап жатқандығында. Көрші елдің экономикасы жақсарып келеді. Бірақ, экономика ішінде қайта бөлу болып жатыр. Қазақстан арқылы Ресейге кіретін тауарлар артқан. Осының арқасында біздің экспорт ұлғайып отыр", - дейді экономист Айдархан Құсайынов. 

Еуразиялық одақ елдеріне негізінен көлік құралдары мен аспаптар, аппараттар экспортталса, бір қызығы Қазақстан аграрлы ел бола тұра импортталатын тауарлардың көшін, төрт түлік мал мен өсімдік өнімдері және азық түлік бастап тұр. Ең аз экспортталатындар ішінде керісінше көш соңында.

Сарапшылар экспорттың 10 пайызға артқанын жақсылыққа жорыды. Өйткені, бұл біздегі өндіріс біртіндеп болса да жолға қойылып келе жатқанын көрсетеді. 

"Одан кейінгі Қазақстанның қазіргі басқа да мемлекеттермен экономикалық тығыз байланысты арттыруының өзі біздің Еуразиялық экономикалық одақтағы басқа мемлекеттерге қараған кезде біздің инвестициялық климатымызды жақсартуға, бәсекеге қабілетті тауар шығаруға деген мүмкіндігімізді арттырып отыр", - дейді экономист Бауыржан Ысқақ.

Айта кету керек, Қазақстан экспортының 20 пайызы Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне шығады. Десе де, өзге нарықтарды кеңінен зерттеу керектігін айтады сарапшылар. Соңғы уақытта Иранмен еркін сауда жасау туралы келісім де соның бір дәлелі. Бұл ретте экономистер биылғы сауда саттық статистикасы бұдан да жақсы болады деген болжам жасап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу