"Қазақстан-Германия" достық тобының жетекшісі Евгений Больгерт бастаған депутаттар Германия Сыртқы істер министрлігі Азия және Тынық мұхиты өңірі елдері департаменті директорының орынбасары Йоахим Бертелемен жүздесті.
Кездесу барысында Евгений Больгерт Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға жасаған соңғы ресми сапары екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге жаңа мүмкіндіктер ашқанын айтты. Оның сөзінше, парламенттік байланыстар мемлекеттер арасында бұрын қол жеткізілген келісімдер мен уағдаластықтардың орындалуына ықпал етуі керек.
Йоахим Бертеле де Президенттің Германияға сапарын екі ел қатынасындағы маңызды оқиға ретінде бағалады. Ол парламенттік достық топтарының бірлескен жұмысы Қазақстан мен Германия арасындағы серіктестікті нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Тараптар бұдан бөлек сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ орнықты даму және мәдени-гуманитарлық бағыттағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары сөз болды.
Кездесу қорытындысында екі ел арасындағы парламентаралық диалогты одан әрі дамытуға басымдық берілді.