"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мен Грузияның Әділет үйі мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін дамыту және халықпен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіру бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжат екі елдің тәжірибе алмасып, азаматтардың заманауи сұраныстарына сай тиімді шешімдерді бірлесіп әзірлеуге ниетті екенін айқындайды.
Ынтымақтастық аясында халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын ұйымдастырудағы үздік тәжірибелермен алмасу жоспарланған. Сондай-ақ жасанды интеллект, роботтандыру және процестерді автоматтандыру технологияларын енгізу арқылы цифрлық қызметтерді дамыту көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, қызмет көрсету сапасының заманауи стандарттарын енгізу және азаматтардың клиенттік тәжірибесін жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылады.
"Себебі жаңа технологиялар мен заманауи үрдістерді уақытында меңгеру өте маңызды. Біздің мақсатымыз – тек жақсы тәжірибемен танысу емес, олардың ішіндегі ең тиімдісін таңдап, Қазақстан азаматтарының қажеттіліктеріне бейімдеу. Сонымен қатар бұл - өзара тиімді серіктестік. Бүгінде Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда жақсы нәтижелерге қол жеткізген елдердің бірі. Сондықтан біз халықаралық тәжірибені үйреніп қана қоймай, өз жетістіктерімізбен де бөлісуге дайынбыз", – деп атап өтті мемлекеттік корпорация басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Келісім аясында бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, сондай-ақ тағылымдамалар мен оқыту іс-шараларын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар тараптар өзара қызығушылық тудыратын ғылыми-зерттеу және талдамалық жобаларды қолдауға ерекше назар аударады.
"Бұл сапар біз үшін ерекше маңызға ие. Себебі ол жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен практикалық шешімдермен алмасуға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою өзара ықпалдастықтың жаңа кезеңін бастап, жүйелі әріптестіктің негізін қалайды", – деді Грузияның Әділет үйінің төрағасы Вахтанг Жвания.
Сапар барысында қазақстандық делегация Грузияның Әділет үйінде болып, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен, цифрлық шешімдермен және клиент ағынын басқару жүйесімен танысты.
Сондай-ақ Грузия Ішкі істер министрлігінің Сервистік агенттігі мен Әділет оқу орталығында кездесулер өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың болашағы талқыланды.