Қазақстан мен Иран арасында ынтымақтастық артты

517

Маңғыстаулық депутаттар, кәсіпкерлер мен туризм және мәдениет саласының өкілдері бар делегация Иран Ислам Республикасына барды.  

Қазақстан мен Иран арасында ынтымақтастық артты    Фото: С.Маймеров

Мазандаран провинциясының басшысы Хосейни Пур Каспий теңізі арқылы шектесіп жатқан қос өңір арасындағы әріптестік ынтымақтастықтың дами түсуіне мүдделі екенін жеткізді.                                                                         

"Маңғыстау мен Мазандаранды көп нәрсе байланыстырады. Біздің провинцияның 480 шақырымы теңіз жағалауы бойында орналасқан. Үш ірі теңіз портымыз арқылы Маңғыстау порттары арасында жүк тасымалын жандандыруға мүмкіндік зор. Сонымен қатар Мазандаранның екі қаласынан, Горган мен Сариден Ақтауға тікелей әуе кемелері ұшуда. Сіздердің сапарларыңыз екі өңір арасындағы сауда-экономикалық, мәдени және туризм саласындағы байланысты арттыра түсуге мүмкіндік береді деген сенімдемін", - деді Мазандаран провинциясының басшысы Хосейни Пур.

Мазандаран - Иран Ислам республикасының ауылшаруашылығы мен туризм, оның ішінде медициналық туризм қарқынды дамыған аймақ. Мазандаранның орталығы Сари қаласында діни және тарихи орындар көп шоғырланғандықтан мұнда туристер ағыны мол. Жылына 40 млн саяхатшы келеді.                                                               

"Екі ел Президенттерінің Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізу жайындағы келісімі бар. Сол межеге жету үшін бар мүмкіндікті жүзеге асыруға ынталымыз. Маңғыстау облысында бірлескен 52 кәсіпорын бар. Алдағы уақытта ауылшаруашылығы, жеміс-жидек, көкөніс өсіру мен туризм бағытында жаңа жобаларды іске асыруға шақырамыз. Бүгінде Маңғыстау - Қазақстанның үздік туристік аймақтары тізіміне енген. Былтыр 1320 ирандық Маңғыстау өңіріне саяхаттап келген. Екі аймақ арасындағы жаңа ашылған әуе қатынастары биыл бұл санды бірнеше еселеуге жол ашады деп сенемін. Сіздерді Маңғыстау облысына арнайы іссапармен келуге шақырамыз", - деді Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев.

Маңғыстаулық делегацияның сапары әрі қарай Мазандарандағы өндіріс ошақтарында жалғасады.     

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу