Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналым алты айда $215,1 млн құрады

507

Екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымын $3 млрд-қа дейін жеткізу міндетін қойып отыр.

Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналым алты айда $215,1 млн құрады Фото: gov.kz

Астана қаласында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Екі ел арасындағы тауар айналым осы жылдың қаңтар-маусымында $215,1 млн құрады. Ал, 2022 жылғы екіжақты тауар айналымы $521,4 млн болған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 18,3%-ға жоғары. Экспорт – $310 млн. Импорт – $212 млн. 

"Иран - Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі. Бізді алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымын $3 млрд-қа дейін жеткізу міндетін қойып отыр", - деді ҰЭМ басшысы.

Өз кезегінде Ә.А.Джоукар мырза министрді жуырда Тегеран қаласында өтетін Каспий экономикалық форумына қатысуға шақырды. Форум барысында Каспий маңы мемлекеттерінің көпжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, оның ішінде экономика, қаржы, энергетика, көлік және т. б. мәселелерді талқылау жоспарлануда.

"Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайту Иран Ислам Республикасы Үкіметінің негізгі басымдықтарының бірі. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін елдеріміздің әлеуеті зор", - деді Елші.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу