Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы $441 млн долларға жеткен

428

Мәскеудегі екінші Каспий экономикалық форумы алаңында Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Иранның Бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбер екіжақты ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады

Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы $441 млн долларға жеткен

Премьер-Министр Иранмен тату көршілік қатынастарды дамыту Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Сондай-ақ онда өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 85,1%-ға өсіп, $441 млн-ды құрағаны айтылған. Қазіргі уақытта Қазақстаннан Иранға экспорт 154 тауар позициясы бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте Үкімет осы номенклатураны кеңейту жөнінде ұсыныс дайындап жатыр.

Қазақстан ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікті дамытуға және азық-түлікпен өзара қамтамасыз етуді ұлғайтуға үлкен мән береді. 

"Қазақстан мен Иран агроөнеркәсіп өнімінің тауар айналымын 1 млрд долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндігі бар. Осы міндетті іске асыру үшін көлік дәліздерін және ауыл шаруашылығы тауарларын өзара жеткізуді пысықтап жатырмыз", – деді Әлихан Смайылов.

Екі елдің өзара іс-қимылының тағы бір негізгі бағыты – көлік-логистика саласы. Бұл жөнінде Премьер-Министр инфрақұрылымдық шектеулерді жоюға, локомотивтік тасымал қуатын және шекарадағы тауарларды түсіріп, қайта тиеу мүмкіндіктерін арттыруға баса көңіл бөлуді ұсынды.

"Транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту бағыты бойынша Қазақстан және Иран порттарында жаңа терминалдар салу үшін бірлескен инвестициялар тарту мәселесін пысықтау керек. Теміржол тарифтерін біріздендірумен бірге, бұл Орта Азиядан Иран бағытындағы жүктердің транзитін ұлғайтуға мүмкіндік береді",  деді Әлихан Смайылов. 

Өз кезегінде Мохаммад Мохбер өзара сауданы $3 млрд-қа дейін ұлғайтуға, сондай-ақ көлік-логистика және қаржы-банк, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ салаларында және энергетикада өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделі екендіктерін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі диалогты жалғастыруға уағдаласты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу