Қазақстан мен Қырғызстан елшіліктерге жер учаскелерін тегін береді

125

Құжат күшіне енгеннен кейін 2005 жылғы 10 тамыздағы осыған ұқсас келісімнің күші жойылады.

Қазақстан мен Қырғызстан елшіліктерге жер учаскелерін тегін береді Фото: ЖИ

Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы елшіліктер резиденцияларының мұқтаждықтары үшін Астана мен Бішкектегі ғимараттарды және жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісім ратификацияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Заң Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті арасындағы екі мемлекеттің елшіліктерін, сондай-ақ Төтенше және Өкілетті Елшілердің ресми резиденцияларын орналастыру үшін Астана және Бішкек қалаларында ғимараттар мен жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялауды көздейді.

Келісімге 2025 жылғы 22 тамызда қол қойылды.

"Келісімнің негізгі мақсаты – екі елдің дипломатиялық өкілдіктерінің, сондай-ақ екі мемлекеттің Төтенше және Өкілетті Елшілерінің ресми резиденцияларының қызметі үшін тиісті жағдайлар жасау. Құжат Астана және Бішкек қалаларындағы ғимараттар мен жер учаскелерін құқықтық рәсімдеуді көздей отырып, оларды ұзарту құқығымен 49 жыл мерзімге өзара өтеусіз пайдалануға беру мәселелерін реттейді. Атап айтқанда, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Елшілігіне ауданы 0,75 гектар жер учаскесі, ал Қазақстан Елшісінің резиденциясы үшін жалпы ауданы 531,66 шаршы метр болатын коттедж және оған іргелес 0,17 гектар аумақ бөлінеді. Өз кезегінде, Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігіне ауданы 0,74 гектар жер учаскесі, ал Қырғызстан Елшісінің резиденциясы үшін ауданы 1 267,8 шаршы метр көлемінде коттедж және оған іргелес 0,125 гектар аумақ беріледі", – деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.

Келісімнің негізгі ережелері берілетін жылжымайтын мүлік объектілерін айқындайды, олардың дипломатиялық мәртебесін бекітеді, аталған мүлікті қабылдаушы мемлекеттегі барлық салықтар мен алымдардан босатуды белгілейді. Мүлікті күтіп-ұстауға, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, коммуналдық қызметтерді, байланыс пен интернетті және өзге де пайдалану шығындарын төлеу жөніндегі міндеттерді қабылдаушы тарапқа жүктейді. Инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және дипломатиялық объектілерді салуға қажетті рұқсат құжаттарын алуға жәрдем көрсету тәртібін ұсынады, тараптардың берілетін мүлікке үшінші тұлғалардың құқықтарының жоқ екендігіне қатысты кепілдіктерін қамтиды, сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарына меншік құқығын оларды салуды жүзеге асырған тарапта сақтайды.

Осы құжат күшіне енген күннен бастап тараптар арасындағы 2005 жылғы 10 тамыздағы осыған ұқсас келісімнің күші жойылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу