Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалы 8%-ға өсті

274

Бұл көлік-логистикалық байланысты нығайту нәтижесі.

Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалы 8%-ға өсті Фото: ҚР Көлік министрлігі Telegram

2026 жылдың қаңтар–қазан айларында Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалының көлемі 31,8 млн тоннаға жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға көп. Былтыр осы уақытта 29,4 млн тонна жүк тасымалданған.

Екі бағытта да өсім байқалады. Атап айтқанда, Қытайдан Қазақстанға 12,1 млн тонна жүк жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға жоғары.

Оның ішінде Достық станциясы арқылы 5 млн тонна жүк тасымалданып, өсім 13%-ды құрады. Ал Алтынкөл станциясы арқылы жүк тасымалы 6%-ға артып, 7,1 млн тоннаға жетті.

Ал Қазақстаннан Қытайға 19,7 млн тонна жүк жөнелтілді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 8%-ға артық.

Кері бағытта Достық станциясы арқылы 13,1 млн тонна жүк тасымалданып, өсім 12%-ды құрады. Ал Алтынкөл станциясы арқылы 6,6 млн тонна жүк өткізіліп, көрсеткіш 1%-ға артты.

Жүк тасымалы көлемінің өсуіне екі ел арасындағы көлік-логистикалық байланысты дамыту, шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғырту және өткізу қабілетін арттыру бағытындағы жұмыстар ықпал етіп отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу