Қазақстан мен Қытай бірлесіп "жол салады"

116

Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.

Қазақстан мен Қытай бірлесіп "жол салады" Фото: primeminister.kz

21-22 сәуір аралығында Астана және Алматы қалаларында "Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты" (ҚазжолҒЗИ) акционерлік қоғамының Қытай Халық Республикасының ғылыми және технологиялық ұйымдарының өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесулері өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Атап айтқанда, ҚХР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары ғылыми-зерттеу институтының (RIOH) делегациясымен келіссөздер жүргізіліп, оның барысында тараптар жол саласында International Organization for Standardization (ISO) шеңберінде халықаралық стандарттарды бірлесіп әзірлеуге қатысу мәселелерін талқылады. Бұл ретте заманауи технологияларды, сапа талаптарын және автомобиль жолдарын пайдаланудың нақты жағдайларын ескеретін келісілген тәсілдерді қалыптастыру туралы сөз болды.

Сонымен қатар, Central Fortune Creation Technology Group Co., Ltd (ҚХР) компаниясының өкілдерімен кездесу өтіп, оның аясында жол құрылысына технологияларды енгізу перспективалары талқыланды. Жол-құрылыс материалдарын қолдану, оларды Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімдеу, сондай-ақ технологиялық ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары жеке қарастырылды. Сонымен бірге "Алматы – Шелек – Қорғас" автожолындағы бірлескен апробациялық учаскенің аралық нәтижелері талқыланды. Аталған учаскеде тозуға төзімді асфальт қабаты (GT-8) қолданылған. Қазіргі уақытта осы учаскеде пайдалану көрсеткіштеріне мониторинг жүргізілуде.

Қытайлық серіктестермен кездесулер барысында жаңа материалдарды қолдану мәселелері, оларды сынау және енгізу тәсілдері, сондай-ақ автомобиль жолдарының бүкіл өмірлік циклінің бойында олардың жұмысын бақылау қарастырылды. Инновациялық шешімдерді енгізу тетіктері, оның ішінде пилоттық жобалар мен сынақ полигондарын пайдалану, сондай-ақ саланы цифрландыру, материалдар мен технологиялар бойынша деректер базасын қалыптастыру және интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, инфрақұрылымға қатысты мәселелер, соның ішінде көпірлерді тексерудің заманауи әдістері, цифрлық технологиялар мен мониторинг жүйелерін қолдану, сондай-ақ оларды жөндеу және қызмет ету мерзімін ұзарту жөніндегі шешімдер қозғалды.

Ынтымақтастық жоғары көлік жүктемесін, климаттық ерекшеліктерді және Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін ескере отырып, жол саласын дамытудың заманауи тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі уақытта өзара іс-қимылдың төрт басым бағыты пысықталуда: жол қозғалысы қауіпсіздігін бағалау, халықаралық автомобиль тасымалдарын дамытуға жәрдемдесу, интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту, сондай-ақ жол саласындағы жасыл және төмен көміртекті бастамаларды іске асыру. Ынтымақтастық форматтары ретінде үкіметаралық жобаларды бірлесіп ілгерілету, жаңа технологиялар мен материалдарды енгізе отырып ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ өзара сапарлар, сараптамалық семинарлар және салалық іс-шаралар арқылы тәжірибе алмасу қарастырылуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу