Қазақстан мен Kyungdong Pharmaceutical өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

155

2025 жылы Қазақстанның фармацевтикалық нарығының көлемі шамамен 2,5 млрд АҚШ долларын құрады.  

Қазақстан мен Kyungdong Pharmaceutical өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды Фото: ҚР ДСМ баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының Оңтүстік Корея Республикасына сапары аясында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Kyungdong Pharmaceutical компаниясының бас директоры Ким Кён Хун мырзамен кездесті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Kyungdong Pharmaceutical компаниясы фармацевтика саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстанда дәрілік заттар өндірісін оқшаулау, технологиялар трансфері, келісімшарттық өндіріс және бірлескен өндірістік жобаларды құру мәселелерін талқылады.

Министр Қазақстанның фармацевтика өнеркәсібін денсаулық сақтау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде ғана емес, сонымен қатар инвестиция тартудың, отандық өндірісті дамытудың және жаңа жұмыс орындарын құрудың перспективалы бағыты ретінде де жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның фармацевтикалық нарығының көлемі шамамен 2,5 млрд АҚШ долларын құрады. Фармацевтикалық өнім өндіруге салынған инвестициялар көлемі 142,8 млн АҚШ долларына, ал экспорт көлемі 84 млн АҚШ долларына жетті.

Шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанда отандық өндіріс өнімдеріне ұзақ мерзімді кепілдендірілген сұранысты қамтамасыз ету тетіктері, ірі инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ өндірілген өнімді ЕАЭО және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің нарықтарына одан әрі шығару мүмкіндіктері қарастырылған.

Реттеуші ортаны жетілдіруге де ерекше назар аударылды. 2026 жылғы ақпанда Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұлттық реттеу жүйесінің кемелдену деңгейінің 3-деңгейіне қол жеткізді. Осылайша, Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші және ДДҰ-ның Еуропалық өңірі елдері арасында бұл деңгейге жеткен төртінші мемлекет атанды.

Қазақстан тарапы Kyungdong Pharmaceutical компаниясына оқшаулау үшін перспективалы болып саналатын дәрілік заттар мен бос позициялардың тізбесін ұсынды. Тараптар бірлесіп ынтымақтастықтың алғашқы нақты жобаларына айналуы мүмкін ең перспективалы дәрілік заттарды айқындауды жоспарлап отыр.

Алдағы жұмыстың ықтимал модельдері ретінде келісімшарттық өндіріс, өндірісті кезең-кезеңімен оқшаулау және бірлескен өндірістік кәсіпорын құру қарастырылуда.

Қол қойылған Меморандум тараптардың жалпы уағдаластықтардан фармацевтика саласындағы нақты инвестициялық және өндірістік жобаларды іске асыруға көшу ниетін бекітеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу