Қазақстан мен Мальдив аралдары тұрақты әуе рейстерінің санын аптасына 7-ден 14-ке дейін көбейтуге келісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Монреаль қаласында (Канада) өткен ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында белгілі болды.
Конференция шеңберінде ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Мальдив Республикасы Азаматтық авиация басқармасының төрағасы Абдул Харис кездесіп, екі ел арасындағы әуе қатынасын дамыту және туристік байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.
Келіссөздер нәтижесінде әр тараптың тағайындалған әуе тасымалдаушылары үшін рұқсат етілген тұрақты рейстер санын аптасына 7-ден 14-ке дейін арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен қатар тараптар әуе еркіндігінің бесінші дәрежелі құқықтарын пайдалану мүмкіндігін қарастырды. Бұл әуе компанияларына халықаралық бағыттар бойынша қосымша коммерциялық мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады.
Айта кетейік, Мальдив аралдары қазақстандықтар арасында танымал туристік бағыттардың бірі саналады. Тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін растады.