Қазақстан мен Моңғолия президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді

113

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстан мен Моңғолия президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Моңғолияны аймақтағы маңызды серіктес әрі тату көрші ретінде атап, Президент Ухнаагийн Хурэлсухтың елімізге сапарына айрықша мән беріп отырғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Біздің тарихымыз бен тамырымыз – ортақ. Екі ел де көшпенділер өркениеті мен "киіз үйлер" мәдениетінің мұрагері саналады. Қос халықтың болмысы мен рухани дүниесі, өмір салты мен әдет-ғұрпы – үндес. Сондықтан біз әрдайым бір-бірімізге тілектес болып, жетістіктерімізге шынайы қуанамыз. Соңғы жылдары Қазақстан мен Моңғолияның қарым-қатынасы тың қарқынмен дамып келе жатыр. Осыдан бір жарым жыл бұрын Моңғолияға мемлекеттік сапармен барғанымды білесіздер. Қадірлі Президент Ухнаагийн Хурэлсух мырзаның және барша моңғол халқының ықылас-ілтипатын әрдайым ризашылықпен еске аламын. Сол сапар барысында Cтратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойдық. Бұл – мыңжылдық бауырластығымызды біржола бекіте түскен тарихи құжат. Қазіргі таңда екі елдің парламенттері мен құзырлы министрліктері тығыз байланыс орнатқан. Үкіметаралық комиссия және Іскерлік кеңес табысты жұмыс істеп келеді. Президент Хурэлсухтың бүгінгі сапары осы ынтымақтастықты нығайта түсері анық, – деді Қазақстан Президенті.

Тараптар екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер жүргізген.

– Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де саладағы ықпалдастығымызды одан әрі арттыруға келістік. Атап айтқанда, біз Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдық мекемесін ашу туралы өзара келісімге келдік. Мұны, шын мәнінде, бауырлас әрі тарихы тамырлас елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік рухына сай келетін маңызды қадам деп айтуға толық негіз бар. Сондай-ақ бұл моңғол елінің қазақ халқына деген ізгі ниеті мен шынайы достық көңілінің айқын көрінісі екені сөзсіз. Біз бұл шешімді жоғары бағалаймыз. Осы орайда, мен Президент Хурэлсух мырзаға зор алғысымды айтқым келеді. Жалпы, сапар барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Бүгін жасалған келісімдер екі елдің алыс-берісін жандандыра түсетіні сөзсіз. Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр 130 миллион доллар болып, 7,7 пайызға өсті. Елдеріміздің экономикалық әлеуетін ескерсек, бұл көрсеткішті арттыруға толық мүмкіндігіміз бар. Осы орайда алдағы бірнеше жылда тауар айналымын 500 миллион долларға жеткізу жөнінде меже қойып отырмыз. Ол үшін, ең алдымен, сауда-саттықтағы тауар түрін кеңейтуіміз керек. Экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді барынша азайту қажет. Осыдан бір ай бұрын Қазақстанның сауда миссиясы Моңғолияға арнайы сапармен барды. Онда экономикалық байланыстарды әртараптандыруға қатысты маңызды ұсыныстар жасалды. Біз былтыр Еуразия экономикалық одағы мен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификацияладық. Бұл құжат елдеріміз үшін көптеген тың мүмкіндікке жол ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу