Қазақстан мен Өзбекстан геологиялық зертханалар саласында тәжірибе алмасты

355

Тараптар зертханалық зерттеулердің дәлдігін арттыру және тәжірибе алмасу бағыттарын талқылады.  

Қазақстан мен Өзбекстан геологиялық зертханалар саласында тәжірибе алмасты Фото: gov.kz

Халықаралық ынтымақтастық аясында "ҚР МШКҚӨ ҰО" РМК "Шығыс ғылыми-зерттеу тау-кен металлургия түсті металдар институты" ("ШҒЗТКМтүсмети") мамандары "Өзбекгеологиябарлау" АҚ Орталық зертханасы мен Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы Аналитикалық зертханалық кешеннің ғылыми-техникалық жұмыс тәжірибелерімен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кездесу барысында кендер мен олардың байытылған өнімдерін сынау, зертханалардың біліктілікті тексеру бағдарламаларына қатысуы, сондай-ақ заманауи әдістемелік және техникалық шешімдерді қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстандық мамандар өзбекстандық әріптестерімен минералдық шикізатты зертханалық зерттеу, сынақ жүргізу әдістемелерін әзірлеу және қолдану, стандартты үлгілермен жұмыс істеу бағыттарындағы тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ "ШҒЗТКМтүсмети" Сынақ орталығы жағдайында зерттеу нәтижелерінің дәлдігі мен сенімділігін қамтамасыз ету тәжірибесі таныстырылды.

Тараптар мұндай тәжірибе алмасу зертханалық жұмыстардың сапасын арттыруға, талдамалық бақылаудың дәлдігін күшейтуге және өнеркәсіп салаларындағы зерттеулердің тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Заманауи зертхана үшін тек қажетті құрал-жабдықтар мен тәжірибенің болуы жеткіліксіз. Сонымен қатар өз жұмыс тәсілдерін халықаралық үздік тәжірибелермен үнемі салыстырып, ұштастырып отыру маңызды. Осындай кәсіби тәжірибе алмасу жаңа технологиялық шешімдерді білуге, ішкі үдерістерді жетілдіруге және сапа менеджменті жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді", – деді "ҚР МШКҚӨ ҰО" РМК "ШҒЗТКМтүсмети" филиалы директорының қолданбалы зерттеулер және сынақтар жөніндегі орынбасары Лариса Кушакова.

ШҒЗТКМтүсметидің Сынақ орталығы – геология, тау-кен ісі және металлургия салаларында сынақ әдістемелерін жетілдіру және енгізу бағытында жұмыс істейтін аккредиттелген зертханалық база. Мұнда шикізат пен өнеркәсіп өнімдерінің сапасын бақылау, талдау нәтижелерінің дәлдігін тексеру, жабдықтарды калибрлеу және стандартты үлгілерді әзірлеу және аттестаттау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ Қазақстан мен жақын шетел кәсіпорындарында қолданылатын әдістемелердің метрологиялық сенімділігі қамтамасыз етіледі.

Орталықтың әріптестері қатарында "Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны" ЖШС, "Варваринское" АҚ, "ВостокХимЛаб" ЖШС, "Krisanalyt" ЖШС, "SGS Kazakhstan LTD" ЖШС, "ЦентрЭКОпроект" ЖШС және Ресей Федерациясындағы "ИСО-Центррегионсервис" ЖШҚ сияқты ұйымдар бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу